Абай оқулары дәстүрлі әдебиет сайысының жеңімпаздары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы кітапханасында қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы, сазгер, ағартушы, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және тұңғыш классигі Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған әлеуметтік желілерде жарияланған «ІІІ Абай оқулары» жыл сайынғы әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Кітапханада 2017 жылдан бастау алған әдеби сайыстың мақсаты – Елбасының жаһандық бастамаларының бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ақпараттық-имидждік қолдау көрсету және Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын жастар арасында насихаттау, қазақстандық жастардың оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыру.

Шараның шымылдығын Елбасы кітапханасының директоры, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты.

«Елбасы кітапханасының «Абай оқулары» әдебиет сайысының бастамашасы болуы кездейсоқтық емес. Олай дейтінім, «Абай – қазақ халқының рухани көсемі» деген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өмірбаяндық туындыларында бала кезінен ұлтымыздың рухани мақтанышы дана Абайдың шығармаларымен өсіп, тәрбие алғанын әрқашан да мақтан тұтатынын айтады. Биыл үшінші рет өткізіліп келе жатқан «Абай оқулары» әдебиет сайысы арқылы, біріншіден, «Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деген кемеңгер Абайдың өзі өлгенмен оның сөзі мәңгі екенін паш ету болса, екіншіден, Абайдың айтып, Алладан тілеген халықтың мызғымас бірлігі мен жарасқан ынтымағына үлес қосу. Елбасымыздың осыдан екі жыл бұрын жариялаған «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» мақаласы Абайдың ұлы жолын жалғастырған елдің рухын көтерген маңызды тарихи оқиға болды. Бағдарламалық мақаласында Елбасымыз «Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» - деді. Елбасымыз айтқандай, Абай расында халқымыздың рухани көсемі. Абай қашанда қазақ халқының рухани ұлы көшінің басында. Абай сөзі, Абай әндері мәңгі жаңғыра, жаңара бермек», - деді Әмірхан Мұратбекұлы. 

Келесі сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп барлық байқау қатысушыларын құттықтап, Абай әлемінің сан қырлығына тоқталды.

«Ұлы Абай ақын ғана емес. Ол – философ, ол – аудармашы, ол – композитор. Құдайдың Абайдың бойына берген қасиетін санап тауыса алмайсың. Мен бір ғана кереметіне тоқталайын, орыстың ақыны Михаил Лермонтов немістің ақыны Иоганн Гетенің өлеңін аударды. Абай М.Лермонтовтың аударған өлеңін «Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап» деп қазақша суреттеп сөйлетіп қана қоймай, соған ән шығарды. Оған қоса, Абай қазақ халқын Александр Пушкиннің шығармашылығымен таныстыруды ақынның «Евгений Онегин» поэмасын аударудан бастап, «Татьянаның хатына» ән жазды. Қазіргі білікті композиторлардың өздері дәл осы Абайдың әндеріндей әуезді, құдіретті, сезімтал дүниенің сол заманда болмағанын мойындайды», - деп атап өтті Нұртөре Байтілесұлы. 

Әлеуметтік желілер мол тәжірибесі бар қалың оқырман қауымның және Абай туындыларымен жаңадан танысқан жас оқырмандардың кеңінен қолданатын белсенді «кездесу орнына» айналған. Жоба, ең алдымен, жастарға бағытталса да еліміздің барлық өңірлерін қамтитын түрлі жастағы тұрғындар мен әр салада еңбек ететін мамандардың басын қосты. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып жатқан байқау қатысушыларының саны былтырғымен салыстырғанда көбейген. Дәстүрлі сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден екі жүздің үстінде өтінім келіп түскен. Оның ішіне Еуропа мен Азия елдерін және ТМД елдерінен келіп түскен жұмыстар да бар. Ал, 20 мыңнан астам пайдаланушылар Фейсбук, Инстаграм және басқа да әлеуметтік желілер арқылы әдеби сайысты түсініктемелер, лүпілдемелер қоюмен қолдады.

Шара барысында «Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттаушы» номинациясының иегері Бекзат Смағұлов Абайдың «Сегіз аяқ» әнін нақышына келтіріп шырқады.

Сондай-ақ, қатысушылар мен қонақтар Елбасы кітапханасы ұйымдастырған ұлы Абай шығармашылығына арналған кітап көрмесін де тамашалады.

Байқау қорытындысы бойынша төмендегі қатысушылар жеңімпаз атанды:

Бас жүлде – Гүлбибі Сейдалиева (Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті, Өскемен қаласы);

І орын – Арай Жылқыбаева (ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігер-менеджері, Нұр-Сұлтан қаласы);

ІІ орын – Медина Жылқыбаева (Ақмола облысы Қосшы ауылындағы №2 мектептің 10-сынып оқушысы);

ІІІ орын – Ерсұлтан Нүсіпжанов (Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің 3-курс студенті, Тараз қаласы);

«Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттаушы» номинациясы – Бекзат Смағұлов (ҚР Мәдениет жән спорт министрлігі Өнер департаментінің сарапшысы);

«Ең кішкентай үміткер» номинациясы – Хасен Жігер мен Анель Мухамажитова (Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы №24 «Айналайын» балабақшасының тәрбиеленушілері);

«Көрермен көзайымы» номинациясы – Қырмызы Арын (Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8- сынып оқушысы);

«Ең белсенді қатысушы» номинациясы – Мұхамеджан Әбдиев (Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы № 45 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы, Тараз қаласы).

Шара соңында «Абай оқулары» әдеби сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне жобаны ұйымдастырғандары үшін ризашылықтарын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы