"Абай сөзі – ұрпақ темірқазығы" атты байқау жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халқымыздың біртуар перзенті, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын, ғұлама-ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай "Мұнара" газеті авторлар мен оқырмандар арасында "Абай сөзі – ұрпақ темірқазығы" атты шығармашылық байқау жариялайды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" мақаласында "Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық" дей келе, "биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады" деп айрықша атап өткен болатын. Осы ойды қуаттай отырып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен "Мұнара" газеті Абай шығармашылығына арналған байқау ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – Абайдың асыл сөзін, мол мұрасын зерттеп-зерделеп, газет оқырмандарына дәріптеу.

Ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығын ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылыққа айналдыруға үлес қосу. Себебі Абайдың ой-тұжырымдары әлі күнге өзектілігін жойған емес. Абай шығармашылығы – адамзатқа арналған рухани азық. Сол себепті байқауды ұйымдастырудағы мақсат, Президент айтқандай, "Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алу".

Байқаудың міндеті – газет оқырмандарына мотивация беріп, шығармашылық ізденісін арттырып, Абай әлемі аясында ой қорытуға шақыру.

Абай әлемі – үлкен құбылыс. Алайда біз Абай мұраларын қалай қабылдадық? Ақын жырларынан не түйдік? Қара сөздерінен қандай ғибрат алдық? Абай шығармашылығында айтылған дін мен дүниетаным, рух пен мінез, тұрмыс пен тіршілік, болмыс пен бітім, тіл мен діл тақырыптарын қалай таразылап жүрміз? Ойшылдың «Толық адам» концепциясын қалай қабылдадық? Абай айтқан «Кәміл мұсылман» ұғымы нені білдіреді? Ақынның бізден күткен, талап еткен нәрсесі не? Оны орындай алдық па? Абай сүйсінген, күйінген дүниелер қандай еді? Олардан нендей тәлім алдық? Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқығанда қандай әсер алдық? Жалпы, Абай тұлғасы қаншалықты дәріптелді? "Мұнараның" оқырмандары һәм авторларынан осындай ой төңірегіндегі толғаныстар күтеміз. Абайдың әлі күнге ашылмаған сырлары мен қырлары, өмір жолы, шығармашылығы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі һәм артындағы ұрпақтарына қатысты жаңа деректер жолдасаңыз, ол да құнды қазына болар еді.

Байқау шарттары:

  • Байқауға Абай өмірі мен шығармашылығына арналған барлық жанрдағы (эссе, мақала, естелік, зерттеу, сұхбат, әсерлі әңгімелер т.б) шығармалар қабылданады.
  • Шығармашылық жұмыстар Microsoft Word түрінде жолдануы қажет. Мақала көлемі 14 шрифтпен, 1,0 интервалмен, 2-2,5 беттен аспауы керек.
  • Бір қатысушы бір ғана материал жібере алады. Шығармалар қазақ тілінде қабылданады.
  • Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы Қазақстан тұрғындары қатыса алады.
  • Бәйгеге қатысушылар жұмыстарына толық аты-жөнін, телефон нөмірін, мекен-жайын және өздері туралы қысқаша мәлімет қосып, munara@muftyat.kz электронды поштасына жолдауы қажет.

Байқау талаптары:

  • "Мұнара" газетінің "Абай сөзі – ұрпақ темірқазығы" атты шығармашылық байқауына" деген белгімен қабылданады.
  • Шығармашылық жұмыстарды қабылдау 2020 жылдың 15 ақпанында басталып 2020 жылдың 25 маусымында сағат 18.00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) аяқталады.
  • Абай шығармашылығына мүлдем қатысы жоқ, елімізді, тілімізді, дінімізді мансұқтайтын материалдар қабылданбайды.
  • Шығармалардың мазмұнды, көркем, сапалы объективті, креативті және өзекті болуына аса мән беріледі.

Байқау барысы:

  • Шығармалардың ішіндегі талапқа сай, мазмұнды әрі қызықты жазылғандары "Мұнара" газетінде жарияланып отырады.
  • Байқау жеңімпаздарын кәсіби журналистерден және дін мамандарынан жасақталған қазылар алқасы анықтайды.
  • Жеңімпаздар 2020 жылдың маусым-шілде айларында (нақтырақ уағында хабарланады) өтетін кеште марапатталады.

Жүлде қоры:

Бірінші орын – Ұмра қажылығына жолдама.

Екінші орын – 200 мың теңге.

Үшінші орын – 100 мың теңге.

Бұдан бөлек 5 адамға ақшалай ынталандыру сыйлығы беріледі.

 

Ұйымдастырушылар: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен "Мұнара" газетінің редакциясы.

Редакцияның мекен-жайы: Нұр-Сұлтан қаласы, Р.Қошқарбаев көшесі, 33/1

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы