Абай Құнанбайұлының мұрасын дәріптейтін кітаптардың тұсаукесері өтті
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында "Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде" жобасы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Абай академиясының" 2024 жылғы атқарған жұмыстарының есебі және болашақ бағдары" атты шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректоры және "Абай академиясы" жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Сыдықов қатысты. Сонымен қатар, абайтанушы, жас ғалымдар оффлайн, онлайн режимінде қатысып, ой-пікірлерін білдіріп, Абай мұрасын ел мұратына жарату ісінде ұсыныстар жасады.
Абай академиясының директоры Жандос Әубәкір Абай Құнанбайұлы шығармашылығының мұраты мен мүддесі бүгінгі қоғамның өзекті мәселелермен үндес екендігін, Абайды ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор және ұлы ақынның мұрасын ХХІ ғасырдағы Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына таныту мақсатында атқарылған жұмыстарын баяндап берді.
"Абай академиясының" болашақтағы бағдары - ақынның 180 жылдық мерейтой кезі ауқымды жұмыстардың атқарылуымен ерекшеленетіні сөзсіз. Институт қабырғасында ұлы ақын мұрасын зерттеу мен насихаттау бағыттары бойынша жан-жақты жұмыстарды жоспарлауда. Қазіргі таңда, абайтану саласында жеткен жетістіктер мен нақты нәтижелерді саралай отырып, абайтанушы ғалымдар жөніндегі үлкен сараптамалық еңбекті дайындалуда. Мерейтой қарсаңында еліміздегі және шетелдегі "Абай" орталықтарымен біріккен шаралар ұйымдастырылатын болады. Биылғы жылы әлемнің әр түкпіріндегі "АBAI UII" мәдени-іскерлік үйлерімен байланыс жандана түспек. "Абай даналығы" атты альбом-кітап енді тек қазақ тілінде ғана емес, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жарыққа шығады-, дейді Жандос Әубәкір.
Маңызды жиында "Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде" атты жоба бойынша іске асырылған алты ғылыми-танымдық кітаптардың авторлары еңбектерінің қысқаша мазмұнын таныстырып өтті.