Абай облысындағы өрт: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр

Алматыда Абай облысының тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Бүгін таңертең басталған науқан бірнеше күнге созылады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қаланың сегіз ауданынан гуманитарлық көмек жиналып, волонтерлік ұйымдар жұмылдырылған. Бас штаб Байтұрсынов көшесі, 22 к1 мекенжайындағы фронт-кеңсесі болып белгіленді.

Тұрғындар мен волонтерлік ұйымдардың сұранысымен гуманитарлық көмек штабын аштық. Айта кеткен жөн, Алматының штаб пәтерінде тек материалдық қажетті заттар қабылданады және көмек үшін қаражат жиналмайды. Қандай заттар қажет екенін Семей қаласында құрылған фронт-офистен анықтап алып, соның негізінде гуманитарлық көмекті жарияладық. Қазіргі таңда көп зат қажет емес, өйткені ол жақтағы тұрғындар, өрт қызыметкерлері болсын жергілікті мекеменің заттарымен қамтамасыз етілген. Десе де, қосымша су, кішігірім консервілер, қорғаныс бетперделері қажет екенін анықтадық. Фронт-кеңесі ашылған сәттен бастап кәсіпкерлер мен тұрғындар хабарласып, қалай көмек көрсететінін біліп жатыр. Гуманитарлық көмек қай уақытқа дейін жалғасатыны белгісіз, - дейді Алматы қаласы Волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Бағдат Анарбаева.

Алматылық еріктілер қала тұрғындарын акцияға қосылуға және Абай облысында зардап шеккен отбасыларға көмектесуге шақырады.

Мен волонтерлікпен айналысып келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Әр істі ерекше ынта жігермен, жауапкершілікпен атқарып келемін. Жас болғандықтан, адамдарға көмек көрсеткенді жақсы көремін. Осы уақытқа дейін Қостанай облысына, Түркия еліне гуманитарлық көмек көрсету штаб пәтерінде ерікті болдым. Меніңше, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы, - дейді волонтер Альмира Елеусізова.

Көмек көрсетуге, волонтер болуға немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуге ниеттілер +7 747 821 64 78; +7 747 540 01 40 байланыс телефондарына қоңырау шала алады.

Айта кетейік, қабылдау пунктінің жұмыс уақыты сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы