Абай облысындағы колонияда кісі өлтірген сотталушыға үкім шықты
Сот қасақана адам өлтіргені үшін айыпталған сотталушыға қосымша 11 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Абай облысы аумағындағы түзеу мекемесінде орын алған қатыгез кісі өлтіру фактісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот қасақана адам өлтіргені үшін айыпталған сотталушыға қосымша 11 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың сәуір айында №20 мекемеде болған. Тергеу деректеріне сәйкес, екі сотталушы арасындағы жанжал санитарлық-тұрмыстық бөлмеде туындап, жеке және діни көзқарастардағы келіспеушіліктен басталған. Жанжал төбелеске ұласып, жәбірленуші алғаш болып соққы жасаған. Алайда кейін айыпталушы ағаш швабрамен қарсыласының басы мен денесіне бірнеше рет соққы беріп, ол қарсылық көрсетуді тоқтатқаннан кейін де әрекетін жалғастырған. Жәбірленуші медициналық бөлімге жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмды. Сараптама қорытындысы бойынша өлім ауыр жарақаттардан туындаған травматикалық шок салдарынан болған, - делінген сот хабарламасында.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындамады. Қорғаушы тарап істі жеңіл баптарға қайта саралауды сұрағанымен, сот бұл уәждерді қабылдамады. Психологиялық-психиатриялық сараптама оның есі дұрыс екенін көрсетті.
Нәтижесінде сот әрекетті қасақана кісі өлтіру ретінде бағалап, бұрынғы үкімнің өтелмеген мерзімін ескере отырып, 11 жыл 6 ай жаза тағайындады. Ол жазасын ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Үкім заңды күшіне енді.