Абай облысында жылу энергиясы үшін тариф төмендетіледі
Тариф 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 31 мамырына дейін 12 айға төмендетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Абай облысы бойынша департаменті «Теплоккоммунэнерго» МКК-ның жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау қызметі бойынша 2021-2022 жылдарға бекітілген тарифтік сметасын орындау туралы есебіне талдау жасады.
Талдау барысында, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау қызметіне тарифтік сметасында көзделген шығындар баптарын толық көлемде орындамағандығы анықталды, бұл негізсіз кіріс алуына әкеліп соқты.
Осыған байланысты, ТМРКД тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында, табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес уақытша өтемдік тариф енгізу жолымен шаралар қабылдады.
Нәтижесінде, «Теплоккоммунэнерго» МКК-ның тұтынушыларына орташа тарифті Гкал үшін 7 116,47-ден 6 863,66 теңгеге дейін немесе 3,5%-ға уақытша төмендету арқылы 200 млн теңгеден артық сомада негізсіз кіріс қайтарылады. Яғни тариф 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 31 мамырына дейін 12 айға төмендетіледі, - делінген ҚР ҰЭМ Табиғи монополиялардың реттеу агенттігінің хабарламасында.
Бұйрық 2023 жылғы 1 маусымынан бастап күшіне енеді.