Абай облысында жүкті әйелдерге арналған пансионат ашылды

Абай облысында әлеуметтік және медициналық қолдауға мұқтаж жүкті әйелдерге арналған жаңа пансионат ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұл жоба Президенттің ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесін нығайту, сондай-ақ шалғай өңірлердегі әйелдерге медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды.

Пансионат облыстық перинаталдық орталықтың базасында орналасқан және 20 төсекке есептелген. Мұнда ауылдық және алыс елді мекендерден келген болашақ аналарға жайлы жағдайда тұру, толыққанды медициналық тексеруден өту, мамандардың кеңесін алу және дәрігерлердің тұрақты бақылауымен босануға дайындалу мүмкіндігі қарастырылған.

Жоба жүктілік пен босану кезіндегі асқынулардың алдын алу, сондай-ақ ана мен бала өлім-жітімін азайтуға бағытталған. Пансионаттың ашылуы өңірдегі жүкті әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық көмекті қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам болып саналады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы