16 Қазан 2026, 22:53 Фото: Абай облысы ПД баспасөз қызметі

Абай облысында жоғалған 7 жасар бала ауыл шаруашылығы алқабынан табылды

Полицейлер аулаларды, көшелерді және су айдындарының маңын тексеріп, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Абай облысының Үржар ауданында жоғалып кеткен жеті жасар баланы полиция қызметкерлері тауып, туыстарына аман-есен тапсырды.

Күндіз ата-әжесінің қарауында болған бала үй ауласынан өздігінен шығып кеткен. Туыстары оны өз бетінше іздегенімен, нәтиже болмаған соң полицияға хабарласқан. Баланың әжесі оның даму ерекшеліктері бар екенін айтып, көмек сұраған.

Полицейлер аулаларды, көшелерді және су айдындарының маңын тексеріп, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сағат 16:00 шамасында полиция капитаны Азамат Дүйсебаев пен аға лейтенант Ролан Байтлеуов баланы Үржардан төрт шақырым жердегі ауыл шаруашылығы алқабынан тапты.

Полиция қызметкерлері балалар жоғалған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласып, олардың сыртқы белгілері мен жоғалған жері туралы мәлімет беруге шақырады.