Абай облысында жеңілдетілген шағын несие беруге 1 млрд теңге бөлінген
2023 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде 21-35 жас аралығындағы жастарға 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абай облысы бойынша бұл бағытта 1.055 млрд теңге бөлінген. Абай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Абай облысы бойынша филиалы директоры м.а. Мирас Қалиев атап өткендей, бағдарламаға өтініш берушілердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендеріне 5 жылдан аспауы керек.
Несие мерзімі - 5 жылға, мал шаруашылығы саласы үшін 7 жылға дейін. Несие мерзімінің 1/3 кезеңінен аспайтын уақытқа демалыс алу мүмкіндігі қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық - 2,5 пайыз. Сондай-ақ кепілзат болуы міндетті. Егер үміткердің өзінде кепіл болмаса, ата-анасының немесе өзге де туысқандарының мүліктерін кепілге қоюға болады, - деді Мирас Қалиев.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сенімді өкіл ретінде аталған бағдарлама бойынша 1 наурыздан бастап өтініш қабылдауды бастады. Бүгінгі күнге дейін 15 өтініш қабылданған.
Комиссия құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер және басқа да тұлғалар енді. Үміткерлер жобасын осы комиссия алдында қорғайды. Жобаның өзектілігіне, экономикалық маңыздығына назар аударылады,- деді Мирас Қалиев.
Айта кетейік, үміткерлер өздерімен бірге жеке куәлік; жоба бойынша бизнес жоспар; қызмет көрсететін банктен шотының бар екенін растайтын анықтама; несиелер және мерзімі өткен несиелердің бар/жоқтығы туралы анықтама; жалақысын және өзге де табыстарын анықтайтын құжаттар; кепіл мүліктің құжатын және оны бағалау туралы есеп әкелуі керек.