Абай облысында жаңа медициналық пункт ашылды
Абай облысының Бесқарағай ауданында тағы бір маңызды әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Жетіжар ауылында заманауи талаптарға сай салынған жаңа медициналық пункт өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңір әкімдігінің мәлімдеуінше, ауылда 600-ден астам тұрғын тұрады. Жаңа нысан ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті сапалы әрі қолжетімді түрде көрсетуге мүмкіндік береді.
Медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында салынды. Бағдарлама шеңберінде аудан бойынша 11 медициналық нысан бой көтерді.
Медициналық пунктте тұрғындарды қабылдау, алғашқы тексеру мен жеңіл медициналық қызмет көрсетуге арналған қажетті кабинеттер қарастырылған. Нысан ауылдағы медициналық қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған.
Жаңа ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда нейбулайзер, электрокардиограф, дефибриллятор, магнитотерапия аппараты, спирометр және жоғарғы тыныс алу жолдарын емдеуге арналған ультракүлгін құрылғылар орнатылған.
Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбаев қатысып, ауыл тұрғындарын медициналық пункттің ашылуымен құттықтап, нысанның халық денсаулығын жақсартудағы маңызын атап өтті.