Абай облысында Жалаңашкөл теміржол вокзалы пайдалануға берілді
Реконструкция барысында ғимараттың көлемі 89 шаршы метрден 527 шаршы метрге дейін кеңейтілді.
Теміржол бекеті 1958 жылы салынған. Реконструкция барысында ғимараттың көлемі 89 шаршы метрден 527 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағы бұрынғыдан төрт есеге ұлғайды.
Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, жолаушыларды күтуге және қызмет көрсетуге арналған орындар заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың нысанды еркін пайдалануына қажетті жағдайлар қарастырылды. Теміржол вокзалының жолаушылар қозғалысы күніне 118 жолаушыны құрайды.
Жалаңашкөл станциясы Мақаншы ауданының көлік қатынасында маңызды рөл атқарады. Станцияда «Астана–Достық», «Алматы–Достық», «Ақтоғай–Достық» бағыттарындағы, сондай-ақ жазғы маусымдық «Семей–Жалаңашкөл» туристік пойызы қатынайды.
Бұл – биыл Абай облысында қайта жаңартылып, пайдалануға беріліп отырған 7 теміржол вокзалы.
Жобалардың негізгі мақсаты – тұрғындар мен жолаушыларға барынша қолайлы орта қалыптастыру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және теміржол қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіру.