Абай облысында жағалауды бекіту жұмыстарының атын жамылып, заңсыз қазба жұмыстары жүргізілген
Абай облысында прокурорлар мердігердің миллиондаған теңгелік заңсыз әрекетінің жолын кесті.
Абай облысында Ертіс өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын жүргізген мердігер компания инертті материалдарды тиісті рұқсатсыз өз бетінше өндірген. Құжат бойынша бұл материалдар бюджет қаражатына сатып алынған деп көрсетілген. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот кәсіпорынды мемлекетке 15,7 млн теңге қайтаруға міндеттеді.
Өңір прокуратурасының мәліметінше, заң бұзушылықты Бесқарағай ауданының прокурорлары Ертіс өзенінің жағалауын бекітуге бөлінген бюджет қаражатын пайдалану кезінде анықтаған.
2025 жылдың соңында «Техсервиском» ЖШС өзен жағалауының 600 метрлік бөлігін бекіту жұмыстарын жүргізген.
Тексеру барысында мердігер ұйымның инертті материалдарды белгіленген тәртіппен сатып алудың орнына, оларды елді мекен аумағындағы жерден тиісті рұқсат құжаттарынсыз өз бетінше өндіргені анықталды.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабы («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар прокурорлық қадағалау актісі бойынша жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сот мердігер ұйымды инертті материалдарды сатып алуға бөлінген және негізсіз алынған 15,7 млн теңге бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттеді.