Абай облысында түлкі мен қабан қаптады: Шығынға батқан тұрғындар көмек сұрауда
Жаз бойы Абай облысының Бородулиха ауданының тұрғындары ауыл маңында түлкілердің қаптап кеткенін байқауда. Алғашында түлкілер ауыл көшелерінде еркін жүрсе, кейіннен үй құстарына шабуыл жасай бастаған. Ал Бесқарағай ауданында қабандар қаптап, егінге түсуде. Олар фермерлердің алқаптарын бүлдіріп жатыр. Мамандардың айтуынша, жабайы аңдар популяциясы қалыпты деңгейден асып кеткен. Олардың белсенділігінің себебі – егістіктерде табиғи азық қорының азаюы және ауыл көшелерінде қаңғыбас иттердің болмауы. BAQ.KZ тілшісі шаруашылықтары зардап шеккен ауыл тұрғындарымен тілдесіп көрді.
Жабайы қонақтар
Биыл Ауыл ауылы мен Коростели ауылдары жабайы аңдардың қаптауынан зардап шегіп отыр. Қояндар ауыл саябағына қоныстанып алған, қабандар фермерлердің егінін ойрандап жатыр, ал түлкілер тауық қораларға жиі бас сұғатын болған.
Бұл ауылдар Бородулиха ауданының солтүстік шетінде, шекараға жақын орналасқан Бақы ауылдық округіне қарайды.
Жергілікті тұрғындар жабайы жануарлардың мұндай әрекетін қалыптан тыс құбылыс деп отыр. Қариялардың айтуынша, олар мұндай “шапқыншылықты” бұрын-соңды көрмеген.
Біз жабайы аңдардың осынша қаптап кетуін алғаш көріп отырмыз. Мұндай жағдай көктемнің соңына таман басталды. Түлкілер күннен-күнге батылданып барады. Ауылға асханаға кіргендей келіп жүр, – дейді ауыл тұрғыны Күлтай Саякина.
Бірде оған көршісі телефон соғып: “Түлкі бізден сіздерге қарай жүгірді, терезеден секіріп кірді” деген көрінеді.
Сыртқа шықсақ – әлгі түлкі үш балапанды жеп қойыпты. Әрине, ол көктемде күшіктеп, қазір өз төлін ауыздандырып жүрген сияқты. Бірақ түлкі шабуылын тойтаратын жан жоқ, аңшыларға атуға тыйым салынған. Ешкім шара қолданбайды, - дейді ол.
Екі ауылдың тұрғындары амалсыздан өздері аңшы болуға мәжбүр. Дегенмен олардың басты қаруы – телефон камерасы. Фотоаңшылық тәулік бойы жүреді. Тұрғындардың айтуынша, күн сайын ауыл чаттарына түлкілердің жаңа суреттері мен бейнежазбалары жіберіледі.
Бір түлкі бұрынғы мұнай базасының аумағынан шықпайды. Иттен де, адамнан да қорықпайды. Күндіз де, ымыртта да келеді. Екі тауықты жәукемдеп тастады, үйректерді әзер құтқардық. Айқайыңнан да, лақтырған тастан да сескенбейді. Ауа райы жылы кезде де оларды тауық қорада ұстауға тура келді. Соншалықты шектен шыққан түлкі, тіпті қораның төбесіне шығып алып, шатырдан бізге менсінбей қарап тұрды. Мұндайға қаншаға дейін шыдауымыз керек? Түлкілер ауылымызды сафари-паркке айналдырып жіберді, – дейді тұрғындар.
Ауыл тұрғындары чаттарда бір-бірін ескертіп отырады. Себебі неде?
Жабайы табиғатпен үйлесімде өмір сүру барлығына бірдей оңай емес. Мәселен, Көкпекті ауданында және "Тарбағатай" ұлттық саябағына жақын маңда ауыл шетінде аюларды көру – қалыпты жағдай. Абай облысының өзге аудандарында қасқырлар қой отарына шауып, жыландар қора-қопсыға, тіпті үйлерге кіріп кетеді. Оларға қарсы күрес жүргізілгенімен, мұнда ешқандай тосын құбылыс деп қарамайды.
Ал Бородулиха ауданының тұрғындары мұндай құбылыстарға үйренбеген.
Осыған ұқсас жағдай Бесқарағай ауданында да болған. Мұнда фермерлер қабандардың қаптауынан зардап шегуде. "Семей Орманы" резерваты орманшыларының айтуынша, оларға күн сайын дерлік шағым түсіп жатыр. Қабандар тек азық іздеп, алқаптарды ойрандап қана қоймай, адамдарға да қауіп төндіреді.
Біз жабайы жануарлардың белсенділігінің себебі неде және ауыл тұрғындарына шаруашылықтарын сақтап қалуға кім көмектесуі тиіс екенін анықтап көрдік.
Абай облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында бұл мәселеден хабардар екендерін мойындады. Олардың пікірінше, себеп бірнешеу.
Біріншіден – ауылда иттердің жоқтығы әсер етуде. Иттерді атып тастамау үшін байлап қойды, қора-қопсыға, вольерлерге қамап тастады. Ал түлкілер болса еркіндікті сезінді. Тура мағынасында айтсақ – оларды қуатын ешкім жоқ. Жабайы аңдарды елді мекендерден үркітіп жіберетін иттер жоқ. Екінші себеп – егістік алқаптарының улануы. Диқандар кеміргіштерді улайды, соның кесірінен алқаптарда тіпті құстар да қырылады. Түлкілердің қоректенетін ештеңесі қалмайды. Мұның бәрі бір-бірімен байланысты, – деп түсіндірді Абай облысының жануарлар дүниесі мен орман шаруашылығы аумақтық инспекциясында.
Үшінші себеп те бар, бірақ ол туралы көпшілік айта бермейді. Ол – аң аулауға тыйым салынуы.
"Семей Орманы" резерваты аумағы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Бұл тізімге Тарбағатай мемлекеттік табиғи қорығы да кіреді. Заңға сәйкес, Абай облысының осы жерлерінде аң аулауға және жабайы жануарларды атуға толық тыйым салынған.
Қазақстанда аң аулау мерзімдері мен ату лимиттерін жалпы реттеу жыл сайын Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен жүзеге асырылады.
Онда аңшылық алқаптарында атуға рұқсат етілген жануарлар мен құстардың түрлері бекітіледі. Бұл алқаптарды жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Ал лимиттерді жергілікті аңшылық қоғамдарына аумақтық инспекциялар береді, яғни орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің өңірлердегі өкілдіктері.
Шағымдарға қарағанда, соңғы айларда еліктердің, бұғылардың, қабандардың көбейгені байқалады. Біз мұны аң аулауға қатаң тыйым салынғанымен байланыстырамыз. Мораторий жануарлар дүниесін сақтау үшін енгізіледі. Бірақ сонымен қатар біз оларды қозғамайтын кезде шағымдар түсіп жатады, – деп толықтырды жануарлар дүниесі мен орман шаруашылығы инспекциясында.
Аңшылық маусымы
Сергей Гнатушин – аңшы, әрі қорықшы. Ол ауданаралық аңшылар мен балықшылар қоғамын басқарады. Оның айтуынша, аңшылық маусымы тек бір айдан кейін басталады. Бірақ қазірдің өзінде оған және оның әріптестеріне жабайы аңдар мәселесін шешуге қатысты өтініштер келіп түсуде.
Заң бойынша ол аңдарды белгіленген мерзімнен бұрын атуға құқылы емес. Бұлай істесе, қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін.
Түлкі аулау маусымы 1 қарашада басталып, 15 ақпанға дейін жалғасады. Атуға егін жиналғаннан кейінгі алқаптарда ғана рұқсат етіледі, ал елді мекендерде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң аулауға болмайды. Ауыл маңында атуға болады, бірақ қару қолдануға қауіпсіз аумақта ғана. Бұл қашықтық мылтықтың түріне байланысты анықталады, – деп түсіндірді Сергей Гнатушин.
Аңшының айтуынша, шамамен алты жыл бұрын Бородулиха ауданында түлкілер санының артуы байқалған. Бұл – резерваттағы жабайы жануарларды атуға мораторий енгізудің салдары, деп санайды ол.
Мен бұл салада 1991 жылдан бері жұмыс істеймін. Өз басым мораторийдің жабайы жануарлар дүниесіне айтарлықтай оң әсер еткеніне сенбеймін. Тұяқтылардың да, жыртқыштардың да саны артып отыр. Жабайы жануарлардың шамадан тыс көбеюі ауруға шалдығуына әкеледі. Бұғыларға қатысты проблема анық сезілуде. Қабандар да көбейіп кеткен. Олар азықты тек алқаптардан таба алады. Қабан алқапты ойрандап, қайтадан орманға кіріп кетеді. Кейде біздің өзіміз де көмектесе алмаймыз, – дейді Сергей Гнатушин.
Аңшылар ресми түрде жабайы аң аулауға мылтықпен тек екі жағдайда шыға алады. Заңмен белгіленген мерзімде аң аулау кезінде және санитарлық атуға рұқсат берілгенде. Екінші жағдайда орман фаунасының жұқпалы ауру тарату қаупі бар екенін дәлелдеу қажет.
Бізді атуға шешім шыққан кезде ғана шақырады. Түлкілерден құтыру белгілері байқалса ғана. Құтыру адамға да қауіпті. Бірақ мұның бәрін әуелі дәлелдеу керек, – дейді аңшы Сергей Гнатушин.
Жауаптыны іздейміз!
Халықтан түскен шағымдар мен өтініштер ең алдымен Бородулиха ауданы әкімдігіне және ауылдық әкімшілікке бағытталады. Аудан әкімі Айдар Ыбыраев жабайы жануарлардың белсенділігі артып, халықтың қосалқы шаруашылықтарына қауіп төнген жағдайда қандай шара қабылдау керегін айқындау мақсатында ведомстволар арасындағы хат алмасу жүріп жатқанын айтты.
Абай облысының жануарлар дүниесі мен орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының жауабына сәйкес, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға сай, жануарларды аулау, уақытша ұстау және көзін жою арнайы аулау қызметіне жүктелген. Ол – жергілікті билік құрған мемлекеттік ұйым, ал кей жағдайларда оның функциясын жеке компаниялар немесе кәсіпкерлер де орындай алады".
Бұдан бөлек, қолданыстағы ветеринарлық ережелерге сәйкес, егер жабайы табиғатта құтыру деректері анықталса, жергілікті атқарушы органдар жабайы аңдарды, сондай-ақ жұқтыруы мүмкін иттер мен мысықтарды аулау және жою шараларын ұйымдастыруға міндетті. Жануарларда құтыру деректері анықталған жағдайда жергілікті атқарушы органдар (аулау қызметі) жабайы жануарларды аулау және жою шараларын жүргізеді, – делінген аумақтық инспекция жауабында.
Өз кезегінде ветеринариялық инспекция өкілдері өздерінің тек ит пен мысықты аулаумен, сондай-ақ жануарлардың өлекселері мен патологиялық материалдарын қауіпті ауруларға зерттеу үшін зертханаға жеткізумен айналысатынын айтты.
Жақында Ауыл ауылынан түлкі өлексесін әкелді. Біз оны талдауға жібердік. Нәтижесі бір айдан кейін белгілі болады. Бұған дейін де осындай талдау жүргізгенбіз, бірақ ол кезде түлкіден құтыру ауруы расталған жоқ, – деп түсіндірді Абай облысы Ветеринария басқармасының "Бородулиха-ВЕТ" КМК басшысы Бауыржан Баяхметов.
Белгілі болғандай, барлық мәселе жергілікті атқарушы орган – Бақы ауылдық округіне тіреліп тұр. Дәл осы мекеме проблеманы шешумен айналысуы тиіс.
Жергілікті мемлекеттік қызметкерлер - олар Ауыл және Коростели ауылдарының тұрғындары. Олардың пікірінше, түлкі мен қабандарды жаппай қырып-жою – адамгершілікке жатпайды. Бұл ойды ауыл тұрғындары да қолдайды. Өйткені барлық жануар құтыру қаупін төндірмейді.
Оларды жоюға біздің құқығымыз жоқ, бұл тек айқын құтыру белгілері болғанда және аурудың клиникалық қорытындысы алынғаннан кейін ғана мүмкін. Өзіміздің ойымызша, жабайы жануарлардың белсенділігі азық қорының аздығынан артуы мүмкін. Әрі адамдар қоқысты, соның ішінде ас қалдықтарын ауыл шетіне тастайды. Ал бәлкім, орманда сілеусін сияқты бір жыртқыш жүріп, өзге аңдарды ығыстырып шығарған шығар. Ал егер бізге Қызыл кітапқа енген бұлан келсе ше? Біз жабайы жануарларды елді мекенде қырып-жоюға құқылы емеспіз ғой, – деген орынды сауал қойды Бородулиха ауданы Бақы ауылдық округінің маманы Нұрлан Әліпбаев.
Сондықтан әкімдік қызметкерлері, Ауыл және Коростели ауылдарының тұрғындары комиссия құрып, сараптамалық тексеріс жүргізуді ұсынып отыр. Мақсат – ауылға кіріп жүрген жануарларлың бастапқы себебін анықтау. Яғни, "тауық та аман, түлкі де өлмесін!"
Қазақстан жануарларға гумандық қарым-қатынас жөнінде аз құжатқа қол қойған жоқ. Ал жабайы аңдарды бірден өлтіру – бұл қатыгездік. Егер жануар қандай да бір себеппен азық іздеп, тауықтарды буындырып, адамдардың тыныштығын бұзатын болса, алдымен неліктен бұлай болып жатқанын анықтау қажет! Мұнда мамандардың қатысуымен жабайы табиғатты зерттеп, комиссиялық талдау керек. Олар бірлесіп сараптамалық шешім шығаратын болады, – деген ұсыныс жасады Бақы ауылдық округінің өкілдері.
Биылғы ақпан айында 2025 жылғы 15 ақпаннан 2026 жылғы 15 ақпанға дейінгі кезеңге аңшылық нысаны саналатын жануарларды аулау нормалары бекітілді. Ел бойынша лимитке 18 878 қабан, 63 516 түлкі, 1 257 марал, 185 қоңыр аю, 178 сілеусін, шамамен 420 мың қоян кірді.
Сондай-ақ тізімде сібір таутекесі, қарсақ, борсық, ақкіс, бұлғын, дала аққұндызы, суыр және ондатра бар.
Еске салайық, бұған дейін Баянауылда адамнан қорықпайтын түлкі жұртты таңғалдырды.