Абай облысында сүт зауытын, балық пен тері өңдеу цехын іске қосу жоспарланып отыр

Көкпекті ауданында ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласында аудан үшін бірнеше ірі жобалар жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, "Өрнек" ЖШС сүт зауытының құрылысы, Тассай ауылында балық цехының ашылуы, мал сою алаңын салу, үлкен мұздатқыш орнату және Көкпекті ауылында тері өңдеу цехын іске қосу, - деді Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Сүйесінов.

Абай облысының Көкпекті ауданында мал шаруашылығы жылдан жылға дамып келеді. Бүгінгі күні аудандағы ірі қара мал саны 55516 басты, жылқы саны 19019 басты, қой мен ешкі саны 47228 басты, құстар саны - 34132, шошқа саны-358 бас.

Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкпектіде 860 шаруа қожалығы тіркелген, оның 725-і мал шаруашылығы саласына жатады. Аудан бойынша 16 асыл тұқымды шаруашылық тіркелген, оның ішінде етті мал шаруашылығында – 14, сүтті мал шаруашылығында – 1, жылқы шаруашылығында – 1 шаруашылық.

Мемлекет субсидиялар түрінде ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көмек көрсетеді. 2022 жылы ауданның шаруа қожалықтары жалпы сомасы 9 млрд 369 млн теңгені құрайтын 2242 өтінім берді. Көкпекті ауданында мал шаруашылығы саласында "Өрнек" ЖШС жақсы дамып келеді. Өңірдегі үлгілі шаруашылық өсімдік және сүтті мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде "Өрнек" ЖШС-де 1285 бас сүтті сиыр бар. Оның ішінде: сауынды сиырлар - 548, құнажындар - 186, тайыншалар - 261, тайыншалар - 2022 ж.-290 бас. Сонымен қатар, шаруашылықта 112 бас-жылқы және 350 бас қой бар, - деді Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Сүйесінов.

Сонымен қатар, көптеген шаруа қожалықтары мен аудан тұрғындары мал бордақылаумен айналысады. Бүгінгі таңда ауданда 1200 бас мал бордақылауда тұр. Үлкенбөкен ауылында мал бордақылап, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар саны артып келеді. Соның бірі ауылда шағын мал бордақылау алаңын салған жас кәсіпкер - Арман Қыдырбаев.

Өз қаражатыма 50 бас малға арналға бордақылау алаңын салдым. Бүгінгі күні бұл жерде 15 бас жас мал бордақылауда тұр. Болашақта мемлекеттік «Іскер» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, бордақыға қойылатын мал басын арттыру жоспарымда бар, - деді жас кәсіпкер Арман Қыдырбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Абай облысының әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы