Абай облысында сегіз жасар балаға зорлық көрсеткен ер адам өмір бойына сотталды

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі соты сегіз жастағы балаға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыстық іс деректеріне сәйкес, 2024 жылдың тамыз айында Жарма ауданына қарасты Шар қаласында сотталушы М. өзінің жұбайының сегіз жасар жиеніне қатысты бірқатар ауыр қылмыс жасаған. Тергеу барысында оның баланың көзінше порнографиялық контент көргені анықталып, бұл да сотта қаралған мәліметтер қатарына енді.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауын сұрағанымен, сот тергеуі барысында жиналған дәлелдер – сараптамалар, куәгерлердің айғақтары мен өзге де материалдар оның кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен М. кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сонымен қатар, ол педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты кез келген лауазымды иелену құқығынан айырылды.

Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енбеген. Іс апелляциялық сатыда қаралуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы