Абай облысында полицей бір отбасын өрттен аман алып қалды
Абай облысында полиция қызметкері өртті тоқтатып, отбасы мүшелерін құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бородулиха ауданында полиция қызметкерінің шұғыл әрекетінің арқасында өрт тез арада тоқтатылып, адам шығыны болмады.
7 қазанда сағат 01:15 шамасында табиғатты қорғау полициясының инспекторы Ерасыл Сыдыков кезекшіліктен кейін үйіне қайтып келе жатып, Крупская көшесінде түтінді байқап қалады. Ол бірден көлігін тоқтатып, оқиға орнына барған. Анықталғандай, Бородулиха ауылы Крупская көшесі 137 мекенжайындағы жеке үйдің шатыры жанған екен.
Ерасыл Сыдыков тез арада №12 өрт сөндіру бөлімшесінің диспетчерлік қызметіне хабарласып, өрттің нақты мекенжайын айтқан. Өрт сөндірушілер келгенше уақытты босқа өткізбей, үй иелерін ояту үшін терезелер мен есіктерді қаққан, іште адамдардың бар-жоғын анықтауға тырысқан, алайда ешкім жауап бермеген.
Оқиғаның қауіптілігін түсініп, тәртіп сақшысы терезені сындырып, үйге кірген. Ол барлығын оятып, отбасы мүшелерін қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.
Оқиға орнына өрт сөндіру бригадасы дер кезінде жетіп, өртті сөндірді. Ерасыл Сыдыковтың сауатты және батыл әрекеттерінің арқасында адам шығынын болдырмауға және шығынды азайтуға мүмкіндік туды.
Өрттен аман қалған үй иелері полицейге шексіз алғыстарын білдірді.
Менің орнымда кез келген адам осылай жасайтын еді. Ең бастысы, ешкім зардап шеккен жоқ, — дейді Ерасыл Сыдыков.