Бүгiн 2026, 08:11 Фото: Абай облысы ПД баспасөз қызметі

Абай облысында отызыншы ауыл алкогольден толықтай бас тартты

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл бастама тек салауатты өмір салтын қалыптастыру емес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтудың маңызды қадамы.

Абай облысының Бесқарағай ауданындағы шағын ғана Черемушка ауылы бүгінде оң өзгерістің үлгісіне айналып отыр. Небәрі 25 аула мен 60 тұрғыны бар елді мекен алкогольден толықтай бас тарту туралы ортақ шешім қабылдаған. Бұл туралы Абай облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл бастама тек салауатты өмір салтын қалыптастыру емес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтудың маңызды қадамы.

Бүгінде ауылда тыныштық орнаған. Тұрмыстық жанжалдар азайып, жастар спорт пен еңбекке көбірек көңіл бөле бастаған.

Кездесу барысында учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Асет Сагадиев заң мен тәртіптің қоғам тұрақтылығындағы рөлін ерекше атап өтті.

Заң мен тәртіп – тек мемлекеттің емес, әр отбасының қорғаны. Қоғамдағы тыныштық әр адамның өз таңдауынан басталады. Тұрғындардың бұл шешімі – келешек ұрпақтың қауіпсіз болашағына жасалған маңызды қадам, – деді ол.

Тәртіп сақшысының сөзінше, алкогольден бас тарту құқық бұзушылықтың алдын алып, отбасылық жанжалдарды азайтуға және жастар арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ауыл әкімі Талғат Құмаров бұл бастаманы елді мекеннің болашағына бағытталған маңызды шешім деп бағалады.

Біз тек ішімдіктен бас тартып отырған жоқпыз. Біз ауылдағы бірлік пен жауапкершілікті күшейтіп жатырмыз. Әр отбасының амандығы – бүкіл ауылдың тұрақтылығы, – деді әкім.

Ал ауыл ақсақалы Сейітхан ата бұл қадамды кейінгі ұрпаққа қалатын тағылым деп атап өтті.

Қазіргі таңда Черемушкада заңға құрмет пен қоғамдық тәртіп күнделікті өмір салтына айналып келеді. Тұрғындар қауіпсіз әрі тату орта қалыптастыруды ортақ міндет санайды.