Кеше 2026, 23:27 Фото: istockphoto.com

Абай облысында өгей қызына зорлық көрсеткен әке 20 жылға сотталды

Үкім заңды күшіне енген.

Абай облысында прокурорлармен өткен профилактикалық кездесу кәмелетке толмаған қызға қатысты ауыр қылмыстың әшкереленуіне себеп болды. Өз құқықтары туралы ақпарат алған жасөспірім өгей әкесінің бірнеше жыл бойы өзіне зорлық көрсеткенін айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, оқиға 2025 жылдың жазында Жарма ауданында болған. Жасөспірімдермен өткен кездесуде прокурорлар балалардың қауіпсіздігі, құқықтарын қорғау және көмек сұрау жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Осыдан кейін кәмелетке толмаған қыз прокуратура қызметкерлеріне жүгініп, өгей әкесінің заңға қайшы әрекеттері туралы хабарлаған.

Прокуратура тапсырмасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру дереу басталып, іс бойынша толық әрі объективті тергеу жүргізілді.

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен қыздың өгей әкесі 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген.

Прокуратура өкілдері азаматтарды кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауға және құқық қорғау органдарына жүгінуден қорықпауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, уақытылы көмек сұрау балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.