Абай облысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
"Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі Абай облысының барлық қала мен аудандарында бір уақытта ұйымдастырылды. Оған 140-тан астам мекеме өкілдері және 700-ге жуық тұрғын қатысты, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Семейде халықты жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 30-дан астам кәсіпорын мен мекеме өкілдері қатысып әртүрлі салалар бойынша 200-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары көрінеді. Бұл туралы Абай облысының еңбек мобильділігі орталығның директоры Еркебұлан Тұрсын айтты.
Ұсынылған бос жұмыс орындарының басым бөлігі жұмысшы мамандықтарына тиесілі болды. Әсіресе, тракторшы, электрогазбен дәнекерлеуші, электромонтер, электрослесарь, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Бұл – өңірдегі өндіріс, құрылыс және коммуналдық шаруашылық салаларында білікті мамандар қажет екенін көрсетеді”,-дейді Абай облысының еңбек мобильділігі орталығның директоры Еркебұлан Тұрсын.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді тікелей байланыстыру, сондай-ақ өңірдегі кадрлық қажеттілікті қамтамасыз ету. Шара барысында 400-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Олар кәсіпорын өкілдерімен тікелей сұхбаттасу, түйіндеме тапсыру, жұмысқа орналасу бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Еңбек мобильділігі орталығы және мансап орталығының мамандары тұрғындарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық брошюралар таратты. Қатысушыларға Enbek.kz сайтында жарияланған бос жұмыс орындарын таныстырды. Бұл ретте Семей қаласы бойынша Enbek.kz сайтында жарияланған 151 жұмыс берушіден 420 бос жұмыс орны ұсынылды.
"Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында өткен жәрмеңкеге қатысып, өзіме керекті ақпарат алдым. Осындай шаралардың ұйымдастырылғаны қуантады. Жұмыс іздеп жүргендер үшін таптырмас мүмкіндік екен. Бір жерде қаншама мекеме өкілдерімен кездесіп, тікелей сұхбаттасуға болады. Кәсіби кеңес алып, жұмысқа орналасу жолдарын да түсіндірді. Осындай пайдалы іс-шаралар көп болғаны дұрыс, - дейді қала тұрғыны.
Айта кетейік, бүгін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Абай облысының барлық қала мен аудандарында бір уақытта өтті. Нәтижесінде 140-тан астам мекеме өкілдері қатысып, 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңке барысында 700-ге жуық тұрғын қамтылды. Оның ішінде 50-ден астам тұрғын жұмысқа орналасуға жолдама алды. Өткен жылы облыс бойынша 150-ге жуық жәрмеңке ұйымдастырылған. Оған 9 мыңнан астам тұрғын қатысқан.
2024 жылы Абай облысында 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 15 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен, ал 8 мыңға жуық азамат уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Бұл – өңірдегі еңбек нарығын дамыту және халықты жұмыспен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі,- дейді Абай облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Еркебұлан Тұрсын.
Былтыр өңірде 8333 адам бос жұмыс орындарына, 6389 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. 10000 тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орны көрсеткіші бойынша 7597, инфрақұрылымдық жобалар аясында 1985 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 203 адам халықтың әлеуметтік осал тобын қолдау мақсатында жаңа-бизнес идеяларды іске асыруға арналған грант алып кәсіп бастау мүмкіндігіне ие болды. 300-ге жуық адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданған. Абай облысында биыл 22 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Фариза Талғатбек