Абай облысында бассейні бар 11 мектеп салынады
Абай облысының Ақсуат ауданында 2024-2025 жылдары 3 мектеп салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Абай облысындағы тілшісі.
Ішінде бассейні бар, барлық жағдайы жасалған екі білім ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақсуат және Екпін ауылдарында бой көтереді.
Аудандық Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Амангелді Қыдырмолдиннің айтуынша, биыл Ақсуат ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады.
Екпін елді мекеніндегі мектеп апатты деп танылған. Спорт залдың төбесінен су сорғалағандықтан, комиссия шешімімен жаптық. Бұл ауылда да 300 балаға арналған мектеп бой көтереді. Құрылысы 2024 жылы басталуы тиіс, - дейді ол.
Бүгінде Абай облысындағы мектептерде 9 мың балаға орын жетіспейді. Осыған орай өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 5700 орынға арналған 11 мектеп салынады. Бұдан бөлек білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп тұрғызу жоспарланған. Бұл Үкіметте бекітілген аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген.
Кешенді жоспардағы көрсетілген мектептер ауылдарда салынады. Нақтырақ айтсақ, Үржар, Бесқарағай, Ақсуат, Жарма аудандарында бой көтереді, - дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев.