Абай облысында әскери ардагерлердің бірлестігі құрылды
Гарнизондық офицерлер үйінде өткен шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің басшылық құрамы, Қарулы күштер ардагерлері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алқалы топ алдында алдымен әскери ардагерлер бірлестігінің төрағасын тағайындау ұсынылды. Жиналған қауымның дауыс беруі арқылы облыстық ардагерлер бірлестігінің төрағасы болып отставкадағы полковник Марат Дюсюпов сайланды. Келесі кезекте одақтың облыстық мүшелігіне он адам, және қалалық құрамына он адамды сайлау барысы талқыға түсті. Мүшелікке үміткерлер әскери ардагерлердің абыройын көтеруге арналған түрлі бағдарламаларды жарыса баян етті. Айта кетейік, шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев қатысты. Ол ардагерлердің Қарулы күштер саласында алар орны ерекше екендігін атап өтіп, кейінгі толқынға берер өнеге-өсиеттері сарқылмасын деп тілек білдірді.
Абай облысы бойынша Қарулы күштердің 3084 ардагері бар. Олардың 677 офицерлер болса, 2376 сержанттар. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ауқымды әскери-патриоттық жұмыстар жүргізу біздің мақсатымыз. Сондай-ақ жиналған ардагерлерге әр түрлі бағытта қолдау танытуда елеулі істерді атқарамыз деген сенімдемін, - дейді Абай облыстық әскери ардагерлер бірлестігінің төрағасы, отставкадағы полковник Марат Дюсюпов.