Абай облысында 7,7 млрд теңгеге ет комбинаты салынады
Абай облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту аясында бірнеше ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы өңір әкімі Берік Уәли Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің айтуынша, Жаңасемей ауылында құны 7,7 млрд теңге болатын ет комбинатының құрылысы жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның қуаты жылына 11,4 мың тонна өнім болады.
Бұл кәсіпорын өңірдің ет өнімдерін экспортқа шығаруына мүмкіндік береді және ет кластерінің негізгі буынына айналады. Жоба толық өндірістік циклді қалыптастыруды және бордақылау алаңдарының қуатын арттыруды көздейді. Нысанды 2026 жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған, – деді Берік Уәли.
Биыл “Мәуліт” шаруа қожалығында құны 1,7 млрд теңге болатын, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы пайдалануға берілген.
2031 жылға дейін бордақылау алаңдарының қуатын 21 мыңнан 86,5 мың басқа дейін арттыру жоспарланған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан барлық қолдау шаралары мен жеңілдетілген несиелер қарастырылған, – деді өңір басшысы.
Мал шаруашылығымен қатар өңірде өңдеу саласы да дамып келеді. Егістік алқаптарын әртараптандыру және майлы дақылдардың үлесін ұлғайту есебінен бірнеше жаңа кәсіпорын іске қосылды:
- “DI-NUR COMPANY” ЖШС – құны 7 млрд теңге, құрамажем өндіру және майлы дақылдарды өңдеу зауыты;
- “Шын Жан ЖУО АНГ-Сұңқар” ЖШС – құны 1,5 млрд теңге, майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты.
Осы кәсіпорындар жергілікті шикізатты өңдеуге мүмкіндік беріп, өңірдің аграрлық өндірісін дамытуға серпін беріп отыр.
Сонымен қатар 2024 жылдың желтоқсан айында “QAZAQ ASTYQ GROUP” ЖШС кәсіпорнында 8,2 млрд теңге инвестициямен тазартылған күнбағыс майын өндіру желісі іске қосылады.
Жоба толық өндірістік циклді қамтиды — жем өндірісінен бастап дайын өнім шығару мен күнбағыс тұқымын қалдықсыз өңдеуге дейін, – деді Берік Уәли.
2026-2027 жылдары Мақаншы ауданында шетелдік HARVEST агрохолдингімен бірлескен “Абай Харвест” жобасы жүзеге асырылады. Жобаға 34 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. 29 мың гектар алқапта (негізінен жүгері мен соя өсіру) су үнемдеу технологиялары енгізіледі.
Әкімнің айтуынша, ферма мен экспорт арасындағы толық өңдеу тізбегі Абай облысында етті және агроөңдеу кластерін қалыптастыруға негіз болады.
Инвесторлар мен шетелдік серіктестердің қызығушылығы жоғары. Өңірде заманауи, технологиялық және экспортқа бағытталған агроэкономиканың жаңа құрылымы қалыптасып келеді, – деп түсіндірді Берік Уәли.