Абай облысында 68 мың тонна құмды заңсыз өндіргендер әшкереленді

Абай облысында табиғи ресурстарды заңсыз игеріп, пайда тапқан ұйымдасқан топтың әрекеті әшкереленді. Бұл туралы өңірлік прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тексеру нәтижесінде жалған сертификаттарды пайдалана отырып, 68 мың тоннадан астам құмды заңсыз қазып, оны сатқан тұлғалар анықталған. Жер қойнауына келтірілген залал елеулі деп танылды.

Прокуратураның хабарлауынша, қылмыстық әрекетті әшкерелеуде заманауи цифрлық технологиялар пайдаланылған.

Дрон арқылы әуеден бақылау жүргізіліп, заңсыз қазба жұмыстарының нақты координаттары анықталды. Сонымен қатар, «Сергек» жүйесі арқылы құмның шыққан жері мен жеткізу бағыты толығымен бақылауға алынды, – делінген ресми хабарламада.

Қабылданған шаралар нәтижесінде заңсыз кәсіпкерлікке тосқауыл қойылып, кінәлілер ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша жауапкершілікке тартылды: 214-бап, 2-бөлім, 2-тармақ (заңсыз кәсіпкерлік), 218-бап, 1-бөлім (қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру), 334-бап, 3-бөлім, 3-тармақ (жер қойнауын өз бетімен пайдалану), 386-бап, 2-бөлім (жалған құжаттарды пайдалану).

Сот шешімімен екі адам бас бостандығынан айырылып, қылмыстық әрекетке пайдаланылған екі тиегіш техника мемлекет пайдасына тәркіленді.

Мемлекетке келтірілген 272 млн теңгеден астам залал толық өндірілді. Сонымен қатар, жалпы құны 144 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы