Абай облысында 201-ші "Ауыл құтқарушылары" ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды
Жаңа өрт сөндіру бекеті Жарық, Малай және Қарасу ауылдарының 571 тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Абай облысының Жарма ауданындағы Жарық ауылында еліміз бойынша 201-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылу рәсімі өтті.
Жаңа өрт сөндіру бекеті Жарық, Малай және Қарасу ауылдарының 571 тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нысанның ашылуына Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жамбыл Жабаев және Жарма ауданы әкімінің орынбасары Берік Самежанов қатысты.
Бекетте жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқаруы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, сондай-ақ өрт техникасын орналастыруға арналған гараж қарастырылған.
Өрт сөндіру посты автоцистернамен, арнайы жауынгерлік киіммен, байланыс құралдарымен және қажетті өрт-техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ғимаратты жаңғырту жұмыстары Жарма ауданы әкімдігінің қаржысы есебінен жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, жаңа бекеттің іске қосылуы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, ауылдық жерлердегі табиғи және дала өрттерінің алдын алу мен оларды сөндіру тиімділігін арттырады.