Абай облысында 14 инвестициялық жоба мақұлданды
Қазіргі уақытта облыста жалпы құны 34,6 млрд теңгенің 14 жобасы іске қосылып, 598 жұмыс орны құрылған.
Абай облысында жалпы құны 20,6 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба мақұлданды. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында белгілі болды.
Мақұлданған жобалар қатарында Семейде бидай мен арпаны қайта өңдеу зауыты, қойма кешендері, көлік-логистикалық орталық, бес жұлдызды қонақ үй-мейрамхана кешені және күндізгі стационары бар көпсалалы емхана салу бар. Сондай-ақ жол бойы сервисі, кемпинг және сауықтыру кешендерін іске қосу көзделген.
Жаңасемей ауданында мал шаруашылығы кешенін құру, жүгері, күнбағыс және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, су үнемдеу технологияларын енгізу жобалары ұсынылды. Бесқарағай ауданында ағаштар мен көпжылдық дақылдарға арналған тәлімбақ салу жоспарланған.
Берік Уәли мақұлданған жобаларды ерекше бақылауға алып, инвесторлардың өтініштерін уақытылы қарауды және әкімшілік кедергілерге жол бермеуді тапсырды.
Қазіргі уақытта облыста жалпы құны 34,6 млрд теңгенің 14 жобасы іске қосылып, 598 жұмыс орны құрылған.
Өңірдегі ірі инвестициялық бастамалар қатарында 577,5 млрд теңгелік «Аягөз–Бақты» теміржол желісі, 560,5 млрд теңгелік «Айдарлы» тау-кен байыту комбинаты, 255 млрд теңгелік алтын өндіру фабрикасы және 48,5 млрд теңгелік AI-агроэкожүйе жобасы бар.