Абай облысына 1,5 тонна ауыз су, 400 келі қой еті жеткізілді
Өрттің алғашқы күндерінен-ақ Бородулиха ауданындағы апатқа еріктілер мен қамқор азаматтар және жергілікті әкімдік көмекке барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Гуманитарлық көмекті жинауға тек мемлекеттік органдар мен партия ұйымдары ғана емес, кәсіпорындар, жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, мәслихат депутаттары, Достық үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де атсалысып, жерлестеріне тұрақты түрде азық-түлік, дәрі-дәрмек, бірінші қажеттілік заттарын жөнелтіп жатыр.
Барлық гуманитарлық көмек арнайы көліктерге тиеліп, өртпен күрес жүргізіліп жатқан аумақтарға - Бородулиха-Жерновка мен Озерки-Талицаға жөнелтіліп, жеткізілді.
Күн сайын 80-ге жуық жергілікті ерікті мен Семей, Өскемен және Астана қалаларынан 100-ден астам адам өртті сөндіруге көмек көрсетіп жатыр. Олардың орнын тұрақты түрде өзге де жанашыр азаматтар алмастырып отыр.
Тек соңғы тәулікте 1,5 тонна ауыз су, 400 келі қой еті, құс еті, 600 келі көкөніс (картоп, пияз, сәбіз), 100 литрден астам май берілді. Шаруа қожалықтарының басшылары азық-түлік жеткізу үшін екі көлік бөлді.
Осындай қиын сәтте бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз керек! Біздің Отанымыз бір! Бұл апатты да бірге еңсеруіміз керее, - дейді Семейдің белсенді волонтерлерінің бірі Евгения Павел.