Абай облысы ТЖД су тасқыны бойынша брифинг өткізді
26 наурызда өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингте Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев су тасқыны кезеңінің өту барысы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Брифингте Абай облысының аумағында су тасқыны кезеңінің өту барысы талқыланды.
Қазіргі таңда облыс аумағында қардың белсенді еруі, топырақтың жібуі байқалады. Облыс өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты, мұз құрсауларының әлсіреу процесі жүріп жатыр.
Елді мекендерден барлығы 293 263 текше метр қар шығарылды. Тексеру жұмыстары нәтижесінде қардағы су қорының көрсеткіштері Көкпекті ауданы бойынша нормадан 27 % - ға, Аягөз ауданы бойынша 5 % - ға жоғары екені анықталды.
Қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары 442 тонна жанар-жағармай, 62 мыңнан астам дана қап және 2970 тонна инертті материал дайындады.
Алдағы су тасқыны қауіпті кезеңге дайындық мақсатында ТЖ алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссиясының 6 отырысы өткізілген болатын.
Семей қаласында, Бородулиха және Бесқарағай аудандарындағы Ертіс және Уба өзендерінде мұз кептелістерін болдырмау мақсатында мұзды ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізілді.
Абай облысында су тасқыны бойынша жағдай күрделенетін болса, жедел әрекет ету үшін 1345 адам және 460 бірлік техника, 11 жүзу құралы және 161 суды жинап, төгу құрылғысы дайын.Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы үнемі бақылауда. ТЖД қызметкерлері ЖАО-мен бірлесіп су тасқыны қауіпті учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізуде, - деп хабарлады Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі.