Абай облысы полиция департаменті соққыға жығылған балаға қатысты мәлімдеме жасады

 Абай облысының Полиция Департаменті Семейде жасөспірімдердің соққысына қалған балаға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл ретте кәмелет жасына толмаған оқушының бейнесін таратуға тыйым салынатындығын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі. 

Семейде жасөспірімдерден әлімжеттік көрген оқушының бейнесі әлеуметтік желіде кең тарап кетті. Оның ішінде блогерлер мен желі қолданушылары бейнерорликті ашық жариялауда. Жағдайға қатысты Абай облысының ПД қызмет мәлімдеме жасады. 

Кейбір блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларының зардап шеккен адамның суреттерін жариялауы ерекше алаңдаушылық тудырады. Бұл оның психологиялық жарақатын одан әрі ушықтыруы мүмкін. Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 14-бабы, 5-тармағына сәйкес, зардап шеккен балалардың жеке және биометриялық деректерін, оның ішінде олардың фотосуреттері мен жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпаратты таратуға тыйым салынады,- делінген Абай облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Бұған дейін, аталған жағдайдан кейін мектеп директорының қызметінен кеткенін хабарлаған едік. Бүгінде балаға қажетті психологиялық көмек көрсетілуде әрі толық тексеруден өткен. Оқушының жақын туысының шотына баспана сатып алу үшін көпшіліктің қолдауымен 24 миллион теңге жиналған. Үй сатып алу жұмыстары ашық жүргізілмек. 

Бұл туралы Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева айтты.  

Фариза Талғатбек

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ерболат Бекболат
Өзгелердің жаңалығы