Абай мұрасы бірыңғай цифрлық ресурсқа жиналды

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Алматы қаласында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын қорытындылауға арналған «Абай мұрасының жаңа дәуірі: қолжазба нұсқадан цифрлық корпусқа дейінгі мәтінтану мәселелері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шара барысында Абай Құнанбайұлы мұрасының цифрлық корпусы ресми түрде таныстырылды. Цифрлық корпусқа Абайдың 1909 жылы жарық көрген алғашқы жинағынан бастап, кейінгі жылдары дайындалған барлық академиялық басылымдардың электронды нұсқалары енгізілді. 

Сонымен қатар әр жылдары хатқа түскен қолжазбалар, сирек нұсқалар мен архивтік материалдар жүйелі түрде жинақталып, біртұтас ғылыми цифрлық кеңістік қалыптастырылды. Бұған қоса абайтануға қатысты ғылыми еңбектер мен зерттеулер топтастырылды. Цифрлық корпус Абай мұрасын сақтау, жүйелеу және заманауи ғылыми зерттеулерде пайдалану тұрғысынан жоғары ғылыми әлеуетке ие кешенді жоба ретінде бағаланды.

Конференцияның негізгі бөлімінде Абай шығармаларының үш томдық академиялық толық жинағын құрастырушылар арнайы баяндамалар жасап, жинақты әзірлеу барысында жүргізілген көпжылдық зерттеу жұмыстары, пайдаланылған дереккөздер мен мәтінтанулық талдаулар, сондай-ақ басылымды дайындауда басшылыққа алынған негізгі ғылыми қағидаттар туралы жан-жақты мәлімет берді. Баяндамаларда мәтіндердің ғылыми дәлдігін қамтамасыз ету, қолжазба мен баспа нұсқаларын салыстыра тексеру, авторлық нақтылықты айқындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Академиялық толық жинақ таныстырылғаннан кейін «Абай және қазақ театры» атты ғылыми еңбектің тұсауы кесілді. Аталған зерттеу Абай шығармашылығының қазақ театр өнерімен байланысын дереккөздерге сүйене отырып зерделеген маңызды ғылыми еңбек ретінде таныстырылды.

Шара барысында Абай мұрасын зерттеуде ғылыми дәйегі жоқ еңбектерге емес, архивтік материалдар мен қолжазбаларға, академиялық тұрғыдан тексерілген, нақты дерекке негізделген зерттеулерге басымдық беру қажеттігі ерекше атап өтілді. Конференция қонақтары мен қатысушылары абайтанудың бүгінгі өзекті мәселелері, Абай мұрасын жүйелі түрде зерттеу мен жан-жақты насихаттау бағыттары жөнінде пікірлерін ортаға салып, ғылыми ой-пікір алмасты. 

Бұл ұсыныстар абайтану ғылымының қазіргі кезеңдегі даму міндеттерін айқындауға бағытталған маңызды тұжырымдар ретінде бағаланды. Аталған ғылыми жиын абайтану ғылымының қазіргі дамуындағы негізгі әрі іргелі ғылыми оқиғалардың бірі деп аталды.

Жалпы алғанда цифрлық корпустың жасалуы мен академиялық толық жинақтың жарыққа шығуы абайтану ғылымына тың серпін беріп, қазақ ғылымы мен руханияты үшін айрықша мәні бар, тарихи маңызы зор іргелі ғылыми оқиға ретінде қорытындыланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы