Абай мен Шәкәрім тіліне арналған кітап жарық көрді
"Абай және Шәкәрім тіліндегі көнерген сөздердің тарихи-салыстырмалы сөздігі" атты ғылыми еңбектің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбектің авторларының бірі филология ғылымының докторы, профессор, әрі ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы зерттеудің қалай қолға алынғанын айтты.
Мәрлен (кітап авторының бірі) екеуміз Абай тілін зерттеумен біраз жыл жүйелі түрде айналысып келеміз. Біз әдебиетіміздің ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басын көбірек зерттеуді мақсат еттік. Жалпы, ХІХ ғасырдың екінші жартысы десек есімізге бірден Абай, Шоқан және Ыбырайлар түседі. Оның ішінде қазақтың жазба тілінің негізін қалаған - Абайдың тілі. Ақынның тілі белгілі ғалымдар тарапынан зерттеліп келе жатыр, біз болсақ Абайдың сөздік қорын түркі тілдерімен салыстырып зерттедік, - деді Шерубай Құрманбайұлы.
Профессор ғылыми еңбектің мақсаты қандай екенін атап өтті.
Бұл еңбекте Абай шығармаларындағы ақын дәуірі үшін қалыпты қолданыс саналғанымен, қазіргі әдеби тіл тұрғысынан қарағанда көне сөздер мен сирек қолданыстар ретінде танылатын сөздер мен сөз тіркестерінің, қосымшалардың байырғы лексика-грамматикалық мағынасы тілдің тарихи даму барысында болатын өзгерістермен тығыз байланыста қарастырылды. Бір жағынан бұл 1968 жылы шыққан Абай сөздігін толықтыруға үлесіміз деп қарастыруға болады, - деді профессор.
Тіл - жанды дүние. Ол заман мен уақытына қарай жаңарып, дамып отырады. Бүгінгі қазақтың тілін 18-19 ғасырдағы қазақ тыңдаған болса, "мыналар не айтып тұр" деп біздің көптеген жаңа сөздерімізді ұқпас еді. Тіпті өткен ғасырдың көп сөзін түсінбей жататын сәттеріміз жоқ емес. Сондықтан біздің мақсат - маман ретінде қазақтың әдеби тілінің даму үрдісін көрсету. Біз ғасыр аралығындағы айырмашылықты көрсетеміз десек, Абай тілін негізге ала аламыз. Өйткені сол кезеңнің ең ірі тұлғасы - Абай, - дейді филология ғылымының докторы.
Ал PhD доктор әрі Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бас ғылыми қызметкері Марлен Әділовтің сөзінше, Абай еңбектерінде көне түркі тіліндегі сөздерді пайдаланған.
Бұл еңбекті 5 жыл бұрын Шерубай ағайымызбен бастаған едік. Ол кісінің ерекшелігі кез келген кітаптағы ерекше сөздерді түртіп алып отырады. Кейін Абай тілінің ерекшеліктеріне қатысты ұсыныс түсті. Ағайымызбен ақынның өлеңдерін оқып, сөздерін талдауға кірістік. Жалпы, Абайдың шығармаларын оқыған адам көне түркі тілін немесе жалпы түркі тілдерінің элементтерін көріп, байқайды. Абай Құнанбайұлының шығармалары бұған дейін де теориялық және практикалық тұрғыдан жақсы зерттеліп келді. Ал бұл еңбектің ерекшелігі - Абайдың тілі Күлтегіннен бастап әлемде тараған 30 шақты түркі тілдерімен салыстырылып, зерттелген. Ақын тіліндегі 300-ден астам көне сөз бен сирек қолданыстардың түпкі мағынасы мен этимологиясы тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талданады. Диахрондық зерттеу барысында көне әрі орта ғасыр жазба ескерткіштері мен қазіргі түрік тілдері сөздіктері пайдаланылды. Абайдағы лексикалық ерекшеліктер Шәкәрім тілімен де салыстырылып көрсетілді, - деді Марлен Әділов.
Абай кейбір сөздерін көне түркі ескерткіштердегідей жазған. Қазір біз "естідім" десек, Абай "есіттім" деп жазған. Мәселен, "бұлт" сөзін бір буынды емес, бүкіл жерде "бұлұт" деп жазған. Ұлды "ұғыл" деп, мен шылауы орнына "бірлән" формасын қолданған. Жолығу сөзін "жолғасу" деп айтуы да бекер емес. Мұның бәрі көне ескерткіштерде жазылған. Ақынның еңбегінде бүгінгі таңда қолданыста жүрген "және" деген шылау "тағы" мағынасын береді. Көне ескерткіштерде де бұл сөз "тағы" деген мағынада қолданылған. Онымен қоса, біз зерттеу барысында Абай мен Шәкәрімдегі "құлдану" сөзінің бекер қолданбағанын, оның қазіргі тілдегі қолданудан көне екенін аңғардық "қолдану - құлды пайдаланудан шыққан" деген сөзден келгенін түсіндік. Мұндай мысалдар көп, - дейді PhD доктор.
Көнерген сөздер мен сирек қолданыстар ішінде алқау «мақтау», аңсау «шөлдеу», аран «нәпсі», ары- «шаршау», әйләу «істеу», әрнешік «әртүрлі»; әурілді «өзгерді»; бақыр «мыс тиын», барша/баршын «жібек түрі», беркіну «бекіну», беркіту «бекіту», бос «тегін», бұл «мата», бұлан «ірі аң», бұлау «ақша жұмсау», бұлдау «сату», білән/бірлән «мен/бен»; гүзәл «әдемі», ғапыл қалу «қапы қалу», дағар «қап, дорба», дабыс «дауыс», езгү «ізгі», еріштіру «таласу», есірік «мас», жандық «ұсақ мал», жақ «садақ», жарылғау «жарылқау», жолғасу «жолығу», жыға «тәж», жітік «кедей», инану «нану», инаныш «сенім»; кезнеу «қысылу», күн «ел», күсу «безу, қашу», кібік «секілді», кімі «кейбірі», кісе «белдік қалташасы», қарақ «көз», қараша «бұқара халық», қарашы «ханға бағынышты қызметкер», қару «күш», қарындас «туыс», қиқу «шу», қолқа «өтініш», құлдану «қолдану», қыршын «жас», қырым «алыс», мұқым «бүкіл», нажағай «найзағай», нәме «хат», нешік «не, қалай», ноқай «ит»; олу «болу»: құдрет олуда, мүбада олса; сауқат «сыйлық», сәңа «саған», соңыра «сосын», сиқат «денсаулық», сүру «жағу», там «үй», тәте «әке», телі «ақымақ», торғын, торқа «жібек», тұғралы «туралы», тұғры «тура», түзік «түзу», ұғыл «ұл», ұжымақ «жұмақ», ұсау «ұқсау», үшбу «осы» сынды мысалдар бар.
Атап өтсек, кітап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, «Abai LABS» ғылыми институтына қарасты Немат Келімбетов Түркітану орталығында жазылды.