Абай мұрасы – Сыр елінде
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Наурыз айының 1-не дейін Сыр өңірінің тұрғындары Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің экспонаттарын тамашалай алады. Музей жәдігерлері Қызылорда қаласындағы Салихитдин Айтбаевтың атымен аталатын көркемсурет галереясының залдарына қойылды.
"Абай – дана, Абай дара қазақта" атты көрмеде ұлы ақынның ғұмыры мен еңбегіне қатысты архив деректері, тарихи құжаттар, бағалы қолжазбалар, фотосуреттері, кітаптары, тұрмыста қолданған заттары бар.
Сыр елі де хәкім Абай Құнанбайұлының мерейтойын мәнді де мағыналы етіп атап өтудің қам-қарекетін бастап кетті. Бүгін экспонаттарды тамашалап шықтым. Абай әлемінен сыр шертетін көрмеден ұлы ақынның ұлық арманы аңғарылады. Кейінгі ұрпақ Абайды танимыз десек, оның рухани қазынасына терең бойлай білуіміз қажет. Сонда ғана елдікті ойлайтын азаматтарды тәрбиелеп шығара аламыз. Ұлы ақын шығармашылығын дәріптеу – әр қазақтың борышы. Сыр өңіріне келіп, көрме ұйымдастырып жатқан музей қызметкерлеріне рахмет айтамыз, – дейді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.
Көрме материалдары ішінде әсіресе Абай білім алған Ахмет-Риза медресесінің тарихына және кітаптарға қатысты дүниелер келушілердің назарын аударды. Этнографиялық экспонаттар да көрермендерді қызықтыра түсті.
Көрмедегі кітаптардың ішінен Тайыр Жароков және Мұхтар Әуезовтің еңбегі мен латын қарпіндегі Абай туралы кітапты айрықша атап өтер едім. Осыған дейінгі еңбектердегі кейбір кемшіліктер бұнда түзетілген, нақты ақпарат берілген. Сондай-ақ Абай әулетінің шежіресі жасалды. Бұл шежірені исі қазақ білгісі келеді деп ойлаймын. Жалпы қазақ халқында қыз балаларды шежіреге қоспайтыны белгілі. Десек те, Абай атамыздың ұл балаларынан ұрпақ тоқтап тұр. Сол себепті, қыздарды шежіреге қостық. Қазір осы бойынша тізбе жасалды. Ал мынау Абай портреті –Нұрлан Өтебаев есімді семейлік суретшінің туындысы. Байқап қарасаңыз, суретте хәкімнің сақалы ықшамды, бет пішіні шынайы. Яғни, сәтті шыққан деуге келеді. Абайды теңіз десек, біз соның жағасында жүрміз. Сол теңізде жүзіп, інжу-маржандарды сүзе білсек деген қызметпен жүрген жайымыз бар. Бұл көрме 21 ақпаннан 1 наурызға дейін жалғасады, – деді Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ғылыми қызметкері Қуат Қиықбаев.
Көрмені тамашалауға келгендердің бірі – Әлия Бауыржанқызы. Абайдың 10 шақты өлеңін жатқа біледі екен. Оның айтуынша, Абайдың асыл сөздерінің қараңғылықтың пердесін серпитін құдіреті бар.
Абай музейінің көрмесі ұйымдастырып жатыр дегені естіп, жеке жұмысымды екінші планға ысырып тастап келіп едім. Өкінбеймін. Абай әлеміне аз да болса енуге мүмкіндік туды. Көрмені көргеннен кейін қазір менде Семей мен Жидебай-Бөріліге саяхаттап қайту туралы ой пайда болды, – дейді Әлия Бауыржанқызы.