Абай күні: Ұлттық музей қоры құнды жәдігермен толықты

Абай күні мерекесіне орай Ұлттық музей қорына құнды жәдігер табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараның мақсаты – ұлтымыздың ұлы ойшылы, философ Абай Құнанбайұлының ұлттық идеяларға толы асыл-мұраларын дәріптеу, музейге келушілердің назарына құнды жәдігерді көруіне мүмкіндік беру, кейінгі ұрпақтың тағзым етіп, ұлы ақынның шығармашылығы мен еңбегіне деген қызығушылығын арттыру.

Салтанатты іс-шарада сөз алған Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев жиналғандарды Абай күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бұл құнды жәдігерлер осы дөңгелек үстел аясында сіздердің назарларыңызға ұсынылып отыр. Бүгін Ұлттық музейдің қоры ұлы ақынға қатысты тағы бір жәдігермен толып отыр. Сонда бізде ұлы ақынымызға қатысты 43 құнды жәдігеріміз бар. Бұл Семей қаласында меценат Бекбай Байысовтың керуен сарайында тұрған, Абай Құнанбайұлы бастаған, қазақ зиялылары шай ішкен самаурын. Аталған тарихи жәдігердің тағы бір құндылығы Семейде Абай атындағы алғашқы музей ашылғанда сол жердегі экспозицияға ұлы ақын пайдаланған құнды бұйым ретінде қойылған. Сондықтан бұл тарихи жәдігердің еліміздегі ең ірі мәдени мекемесі - Ұлттық музейге тапсырылуы келешек ұрпақ үшін маңызды деп санаймын, – деді ол.

Вице-министр ведомство атынан Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорына алғыс білдірді.

Мәдениет және спорт министрлігінің атынан Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорына құнды жәдігерді бізге аманатқа тапсырғаны үшін алғыс білдіремін. Ұлы ақын мұрасын насихаттау жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев.

Іс-шара барысында Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының, қоғамдық кеңесінің шешімімен белгілі меценат Бекбай Байысовтың немересі Асқар Бекбаев "Абай" мерейтойлық медалімен марапатталды.

Саяжан Құдайберген

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы