10 Тамыз 2026, 16:49

Абай күні мазмұнды іс-шаралармен айшықталды

Батыс Қазақстан облысында Абай күні кеңінен аталып өтуде. Орал қаласындағы ақын ескерткіші жанында Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасы «Абай даналығы: бүгін және мәңгі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты. 

Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысының орынбасары жиналғандарды рухани мерекемен құттықтап, Абай мұрасын насихаттаудың маңызын атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, рухани құндылықтарды насихаттауға ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын ұлттық деңгейде көтеріп, жастарды кітапқа баулу және «Зерделі ұлт» қалыптастыру мақсатында арнайы Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осындай игі мақсаттарға жетуде Абай мұрасын оқу, насихаттау және жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңызы ерекше, – деді Қайыржан Меңдіғалиев.

Салтанатты шарада Абай шығармашылығының терең мәні мен рухани құндылығы кеңінен дәріптелді. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, облыстық «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ашық аспан астында ұлы ақынның әндері шырқалып, өлеңдері оқылды.