Абай қаласының мұражайында Қайым Мұхамедхановтың құрметіне көрме ұйымдастырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абай Құнанбаевтың әдеби-мемориалдық мұражайының қызметкерлері Қайым Мұхамедхановты еске алуға арналған «Тағдыры Абайға арналған» тақырыптық көрмесін дайындады, деп жазды abaimak.kz. 

Қайым (Ғабдулкайым) Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Әкесі Мұхамедхан Сейітқұловтың үйінде Абай, Шәкәрім сияқты көрнекті тұлғалар болған.
1940 жылы Қайым Мұхамедханов Надежда Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын үздік бітіріп, осы жерде сабақ беруге қалады. Мұхтар Әуезовтің кеңесі бойынша Ғабдулкайым Абайдың, оның ұлдары мен шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналысты. Қайым Мұхамедханов Семейде Абай мұражайының негізін қалады, онда 1940 жылдан 1951 жылға дейін жұмыс істеді. Мұнда көптеген бірегей экспонаттардың ішінде Абайдың ұлдарымен бірге түскен фотосуреті бар. Ол сурет мұражай қорына Қайым Мұхамедхановтың арқасында келді. Ол 1896 жылы Семейде фотограф Кузнецов түсірген экспонат-фотосуретті сатып алу туралы акт жасады.

Қайым Мұхамедхановты сондай-ақ қуғын-сүргін қасіреті айналып өтпеді. 1951 жылы желтоқсанда «Абайдың әдеби мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін, ол халық жауы ретінде 25 жылға сотталды. «Қара бесжылдықтан» кейін ол Карлагтан оралып, Абай шығармашылығымен айналысуды жалғастырды. Ғалым Ұлы ағартушының барлық өлеңдері мен шығармаларына ғылыми түсініктеме жазды.

Өзінің шығармашылық еңбегі үшін Қайым Мұхамедханов бірнеше рет үкіметтік медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Қазақстан Жазушылар одағының Абай атындағы Халықаралық сыйлығының бірінші лауреаты болды.
Қайым Мұхамедханов 2004 жылы 30 Маусымда 88 жасында өмірден озды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы