Абай еңбектерінің кеңінен таралуын қолға алу керек – Тұрсын Жұртбай
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық академиялық кітапхана мен Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры бірлесіп, «Мәдениет қызметкерлері күні» қарсаңында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ерекше еңбегімен еленген ақын-жазушыларды «Абай» мерейтойлық төс белгілерімен марапаттады.
Шараның ашылуында Абай челленджін бастаған мектеп оқушысы Ләйлім Ерланқызы Абайдың «Заманақыр жастары» өлеңін оқыды.
Жиын барысында жазушы Тұрсын Жұртбай Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қалай аталып өткені жайлы өз ойын білдірді.
Біз әдетте кез келген тойды соның ішінде Абайдың тойын тойлағаннан кейін қалай жиналамыз, сол қалпы ұмытып кететін едік. 150 жылдықта да, 125 жылдықта да. Одан кейін де сан түрлі рәсімдер өтті. Бірақ әрқайсысын да тып-типыл болып, көшкен жұрттай аяқталды. Менің байқағаным, мұндай карантин кезінде азын-аулақ қауым жиналса да, ел жұрт риза деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін жайт, Үкіметіміз айына Абайдың есімін екі-үш рет айтқызып, түрлі жиындар ұйымдастыруда. Мен осыған тәубе етемін, – деді абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай.
Қаламгердің айтуынша, Абай академиясы құрылып, көптеген кітап шығарылып келеді. Енді көпшілік жұртқа таралымын ұйымдастыру қажет.
Абай академиясы құрылғаннан бері 20-дан астам еңбек шығарылды. Енді кітаптардың жұртқа таралымын ұйымдастыру керек. Дәл қазіргі үкіметтің мойнындағы басты міндет осы деп есептеймін. Өйткені 50-60 данамен салтанатқа арналып шығарылғандықтан, ол Абайдың мерейтойын, оған бөлінген қаржыға оны жазған авторға деген құрмет емес, бос іс секілді көрінеді. Бұл мәселені мемлекеттік хатшыға көтеріп бардым. Меніңше, Абайдың шығармалары жас буындарымызға жетпеуде, – деді ол.
Рәсім соңында Тұрсын Жұртбай, Шәкір Ибраев, Несіпбек Айтұлы және Серік Негимов, Көпен Әмірбек, Дархан Қыдырәлі, Асан Омаров, Майра Ілиясова секілді әдебиетіміздің көрнекті өкілдеріне «Абай» төсбелігісі табысталды.
Айта кетейік, былтыр қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ мақтанышына айналған халқымыздың данышпан перзенті, ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев хәкім Абайдың мерейтойына орай оның өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау мақсатында көптеген іс-шара өткізуді тапсырған болатын.