Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа үміткерлердің тізімі анықталды
Мемлекеттік кеңесші Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ерлан Қариннің төрағалығымен 2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.
Зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссия мүшелері әдебиет, кино, театр, музыка, сәулет және бейнелеу өнері салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі конкурстың екінші кезеңіне өткен 21 жұмысты қарады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева екінші кезеңге өткен шығармалардың қоғамда талқылану барысы туралы баяндама жасады.
Комиссия мүшелері жасырын дауыс беру арқылы 2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы лауреаттығына үміткерлерді анықтады. Олар Мемлекет басшысының қарауына ұсынылады.
Мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттау Республика күні қарсаңында өтеді.