Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа үміткер 40-қа жуық жұмыс қаралды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 28 тамызда ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен онлайн форматта 2020 жылғы ҚР Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 наурыздағы № 292 Жарлығымен Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының атауы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы деп өзгертілгеніне назар аударамыз. Екі жылда бір рет, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының мерейтойларын өткізу жылдары Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы екі мемлекеттік сыйлығы беріледі, - делінген хабарламада.
Комиссия отырысында әдебиет, кино, театр, музыка, сәулет және бейнелеу өнері салалары бойынша аталған Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған 39 жұмыс қаралды.
Комиссия отырысы аясындағы жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша конкурстық іріктеудің шешуші кезеңіне өткен үміткерлер анықталды.