Абай-175: Өскемен мектептерінде "Абайтану кабинеттері" ашылуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемендегі №43 орта мектеп-лицейінде алғашқы "Абайтану кабинеті" ашылды.

Ұлы ойшылдың 175 жылдығына орай ашылған кабинет заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда тек Абай шығармашылығымен ғана емес, ақынның өмір жолы, ата-бабалары туралы тыңғылықты мәліметтермен де танысуға
болады.


Ақынның шығармашылығымен жақсы таныс әрі етене жақын, оның өлеңдерін оқып өскен бала болашақта бойына жақсы қасиеттер сіңіреді деп ойлаймын. Абайтану курстары біздің мектебімізде көп жылдан бері беріліп келе жатқан факультатив болғанымен, "Абайтану кабинеті" бұған дейін болған жоқ. Биыл осы жұмысты ұйымдастырудың орайы келіп тұрған сияқты. Ойшылдың 175 жылдық мерейтойы аясында қала мектептері ішінде алғашқы болып аталмыш кабинетті ашып жатырмыз, - дейді №43 мектеп-лицейінің директоры Жаңагүл Шаянбаева.

Жалпы қаладағы орта білім ордаларында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар қарасы мол. Аталмыш мектеп қабырғасында ашылып отырған арнайы кабинет осының бір көрінісі.


"Абайтану кабинетін" осы мектептен бастауымыздың бір себебі – 28 ақпан күні қала мектептері арасында Абай оқулары конкурсы өткізіліп, онда аталған орта білім ордасының оқушылары бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, келесі оқу жылында Абай оқуларын осы мектептің қабырғасында өткізетін боламыз, - деді Өскемен қалалық білім беру бөлімінің қазақ тілі және әдебиеті пәні әдіскері Зульфира Сқақова.

Қоса кетсек, Абай кабинеттері мен бұрыштары байқауы облыс орталығындағы барлық мектептерде, сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелерде ұйымдастырылатын болады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы