Абай-175: Семейлік ұстаздар да үн қосты

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыста ақын Абайдың 175 жылдығын тойлауға арналған шаралар басталып кетті.

Атап айтсақ, Семейде ақын әндерін орындау бойынша челлендж ұйымдастырылып, игілікті іске қаладағы білім ордалары бір адамдай жұмылды. Бұл жолы эстафета таяқшасын қабылдаған Семей қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы болды. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту аясында аталмыш мектептің ұстаздары ақын әндерін жатқа шырқады. Осы арқылы кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған Хәкім Абайдың шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен ұстаздар ақынның сырлы әрі сазды "Желсіз түнде жарық ай" әнін хорда шырқады.

Аталмыш эстафетаны Семейдегі Абай атындағы қазақ сазды, Ф. Достоевский атындағы орыс драма, "Дариға - ай" жастар театрлары ұжымдарының бірлесе орындаған шығармаларынан кейін қабылдадық. Қаламыздағы бұл театрлар ұлы ойшылдың әндерін орындауға бағытталған бастаманы бүкіл қазақстандықтарға жолдаған екен. Абай ақынның әнін шырқау арқылы оның шығармашылығына деген құрметімізді білдіретініміз белгілі. Мұндағы басты мақсат – кейінгі ұрпаққа жол көрсетіп, ой салу. Өйткені, ақынның өлеңдері – уақыт өтсе де өміршеңдігін жоғалтқан емес. Сол себепті оның ертеңгі күні де ескірмейтіні белгілі, - деді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.

Абай әнін жанды дауыста нақышына келтіріп орындаған білім ордасының ұжымы, эстафетаны келесі кезекте Өскемен және Павлодар қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептеріне жолдады.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы