Абай - 175: Павлодарда ақынға арналған 6 түрлі шара ұйымдастырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Ақсу ауылдық аймағындағы Қалқаман ауылында ерекше форматтағы кешенді шара өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Өлмейтұғын артында сөз қалдырған" атты қалалық семинарда 6 бөлімге негізделген рухани шара бір мезетте өтті. Сайыстың басты ерекшелігі – әр алуандығында. Кешенді бағдарламаға толы шара "Абайды оқыған соң" эссе жазу, "Өлең - сөздің патшасы" мәнерлеп оқу, "Құлақтан кіріп бойды алар..." әндер сайысы, "Абай – дана, Абай – дара" үш тілдегі брейн-ринг ойыны, тоғызқұмалақ, асық ату секілді 6 түрге бөлінген.


Қалқаман ауылдық мектебінің директоры Арыстанбек Солтанхан шараға Ақсудың 6 мектебінің оқушылары мен ауыл тұрғындарынан 200-ге жуық адам қатысқанын атап өтті.

 

Бүгінде ұлы ақынымыздың есімін дәріптеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырдық. Бастысы, науқаншылдыққа салынбай, ұлы тұлғаға арналған әр ісіміз сапалы болуы керек. Кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақты да жақсы ойнағанын білеміз. Сондықтан біз шығармашылық сайыстармен қатар, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлерін де жарыс бағдарламасына енгіздік, - дейді Арыстанбек Солтанхан.


Тәрбие мен тағылымға толы шараға өңірдегі ұлт руханиятына өзіндік үлес қосып жүрген "JEBE" қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты. Атап айтсақ, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының басшысы, ақын Жарқынбек Амантай, "Жомарт жүрек" сыйлығының иегері, қоғам белсендісі, ұлттық өнердің жанашыры Асылбек Туғанбай, сатирик ақын, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкері Алпысбай Хонж, дәстүрлі әнші Қамсызбай Құрмет қатысып, сайысқа қазылық етті.

Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдос Оразалин, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлан Байбәкіров сайысқа қатысушыларға ақ жол тілеп, шараға қолдау білдірді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хатпен, естелік кубок және медальдармен марапатталды. Сондай-ақ ерекше өнерімен көзге түскен 11-сынып оқушысы Әдебиет Құрманәліге ақшалай сыйлық табыс етілген. Ол "Өлең - сөздің патшасы" мәнерлеп оқу номинациясында жеңімпаз атанған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы