Абай 175: Павлодар кітапханалары бір күнді ақынға арнайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысы бойынша 29-қаңтар күні "Абай күні - кітапханада" акциясы өтеді, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Акция аясында өңірдің түкпір-түкпірінде жалпы саны 185 шара ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Соның бірі - С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында тұсауы кесілетін "Абай алаңы". Онда ұлы ойшылдың шығармалары насихатталады. Сонымен қатар "Қазақстан. Абай. Руханият" тақырыбында арнайы көрме дайындалған.
Кемеңгер ойшылдың 175 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында біз кітапханамыздан Абай шығармаларына арнайы орын дайындадық. Бұл жерде көптеген құнды туындылар бар. Соның бірі - Мұхтар Әуезовтің 1945 жылы жарық көрген "Абай" романы. Сондай-ақ Абайдың жақын туысы Ахат Құдайбердиевтің қолтаңбасы қойылды және кітапханаға сыйға тартқан кітабы да бар, - деді кітапхана директоры Шолпан Шахметова.
Кітапхана басшысының айтуынша, өңірдегі кітапханалардың барлығында Ұлы ойшылдың құрметіне арналған мәдени-рухани шаралар өткізіледі. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана бұған дейін "Абай әр үйдің төрінде" кітап сыйлау акциясын ұйымдастырған. Жыл бойы өтетін акция аясында Абай шығармаларын жатқа оқыған қала тұрғындары мен қонақтары Абайдың өлеңдері мен қара сөздері топтастырылған кітаптарды сыйға алады.