Абай-175: Мерейтойға дайындық шаралары пысықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов Семейге арнайы іс сапармен барды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Бөрілідегі "М.Әуезов музей-үйі", Жидебайдағы "Абай музей-үйі", "Абай-Шәкәрім" мовзалей кешеніне және Семей қаласындағы бас музейдің жай-күйі, дайындық және өткізу шараларының барысымен танысып, алдағы ұйымдастыру жұмыстарын жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар Абайдың "Жидебай-Бөрілі" қорық-музейінде вице-министр Н.Дауешовтің төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жоспарын таныстыру және Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінің жаңа экспозициясын жасақтау бойынша жиын өткізілді.
Жиынға абайтанушы, ф.ғ.д., профессор, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі А.Еспенбетов, Абай ауданының құрметті азаматтары М.Жанболатов, А.Мұқатаев, О.Кәрібжанов, Б.Орынбаев, М.Толғанбаев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы "Абай академиясы" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Е.Сайлаубай қатысты.
Вице-министр Н.Дауешов Семей қаласының зиялы қауым өкілдеріне Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспармен таныстырды. Жалпы республикалық жоспарда Хакім Абайдың мұрасын насихаттауға арналған халықаралық,республикалық және өңірлік мәдени-көпшілік шаралар өткізу, Абай шығармаларын шет тілдеріне аудару, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, мұрасы туралы деректі фильмдер түсіру, ғылыми – танымдық конференциялар, семинарлар мен шет елдерде ұйымдастырылатын іс-шаралар мен көрмелер және тағы басқа әртүрлі форматтағы шаралар жоспарланып отырғанын атап өтті.
Жиын барысында Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінің Семей қаласындағы бас ғимаратының Абайдың шығармашылығы мен өміріне арналған жаңа экспозициясының тұжырымдама жобасы таныстырылды.