Абай-175: Мажарлық Сегед университетінде Абай оқулары өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мажарстанның Сегед қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған Абай оқулары өтті.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Іс-шара барысында осы жылы 1150-жылдығы аталып өтетін ғұлама, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің де мұрасы талқыланды.

Сегед университетінің Алтаистика кафедрасында өткізілген іс-шараға профессорлық-оқытушылық құрам, университеттің мажарлық және қазақстандық студенттері, сондай-ақ аталған университетте дәріс беретін отандасымыз Р. Мукушова қатысты.

Өз сөзінде елші Ж.Әбдрашов Қазақстан мен Мажарстан арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық қарқынды дамып жатқанын, ағымдағы жылы Қазақстанда Абай Құнанбайұлы мен Әл-Фарабидің мерейтойларын бірге атап өтетінін жеткізді.

Мажар тарапынан Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, проф. З.Дьенге және Алтаистика кафедрасының меңгерушісі, проф. И.Зимони сөз алып, ақын мен философтың әлемдік мәдени мұраға қомақты үлес қосқанын атап өтті.

Іс-шара барысында мажар тілінде жарыққа шыққан Абай туралы кітаптар және Қазақстан тарихы туралы басқа да кітаптар Сегед университетінің кітапханасына сыйлық ретінде берілді.

Іс-шара аяқталған соң елші Ж.Әбдрашов Сегед университетінің Халықаралық және қоғамдық істер жөніндегі вице-ректоры П.Закармен
кездесті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы