Абай-175. Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің "Арулар" одағы байқау жариялады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халқымыздың біртуар перзенті, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын, ғұлама-ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай "Арулар" одағы мен "Ару Жұлдыздар" журналы оқушылар мен студент жастар арасында "Абай тәлімі – шамшырағым" атты шығармашылық байқау жариялайды.
Себебі Абайдың ой-тұжырымдары әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Абай шығармашылығы – адамзаттың рухани азығы.
Байқау мақсаты Абайдың асыл сөзін, мол мұрасын зерттеп-зерделеп, журнал оқырмандарына дәріптеу. Ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығын ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылыққа айналдыруға үлес қосу. Сонымен қатар, жастар мен жасөспірімдердің шығармашылық ізденісін арттырып, Абай әлемі аясында ой қорытуға шақыру. Абай шығармашылығынан тәлім, тәрбие үйренулеріне түрткі болу – дейді байқауды ұйымдастырушылар.
Байқау үш түрлі деңгейде өтеді. Әр жеңімпазға жеке-жеке сыйлық тағайындалған.
Бірінші орын – әр номинация бойынша бір жеңімпаз, әрқайсысына 500.000 төгрөг;
Екінші орын – әр номинация бойынша екі жеңімпаз, әрқайсысына 350.000 төгрөг;
Үшінші орын – әр номинация бойынша екі жеңімпаз, әрқайсысына 250.000 төгрөг;
Бұдан бөлек 6 адамға ынталандыру сыйлығы (әрқайсысына 100.000 төгрөгтен) беріледі.
Шығармашылық жұмыстарды қабылдау 2020 жылдың 15 қазанға дейін жалғасады.
Жеңімпаздар 2020 жылдың қараша айының алғашқы аптасында Улаанбаатар және Өлгий қалаларында Абай шығармаларын жатқа оқу байқауы өтетін кеште марапатталады.
Байқау жайлы толық ақпаратты мына жерден көруге болады.