Абай-175. Әуесқойлар 40 күнде 175 шақырым жүгіріп өтпекші
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде әуесқой жүгірушілердің мұрындық болуымен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай онлайн марафон бастау алды. Басты мақсат - алдағы 40 күннің ішінде 175 шақырымды жүгіріп өту.
Спорт пен шығармашылықты ұштастыруды көздеген жаңа челленджді Ertis Runners жүгіру клубының белсенділері ұйымдастыруда. Шара Павлодар облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы өкілдері тарапынан да қолдау тапты.
Онлайн марафонның талабы бойынша қатысушылар биыл 10 тамызға дейін 175 шақырымды еңсерулері тиіс. Бұл талапты мүдірмей орындаған әуесқой спортшы естелік медаль мен сыйлықтарға ие болады. Ал 175 шақырымды еңсерген алғашқы 100 желаяққа естелік сый ретінде Медеу Сәрсекенің "Феномен" кітабы тарту етілмек.
Бүгінгі күні марафонға қатысуға бел буғандардың қатарында әуесқой және кәсіби спортшылар бар. Қуантарлығы, челленджді қолдағандардың қатарында еліміздің бірнеше танымал жүгіру клубының спортшылары бар. Басты мақсат - ел азаматтарын ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында біріктіру. Сондай-ақ, әр таңын жеңіл жүгірістен бастағысы келгендерді бұл пайдалы әдетке баулға сеп болу, - дейді клуб белсендісі Ақмарал Есімханова.
Клуб мүшелерінің айтуынша, бастапқыда марафон қатысушыларының саны 150 азамат болады деп жоспарланған. Десе де, тіркелуге ниет білдіргендердің саны көп болғандықтан, шектеу алынып тасталды. Осылайша, қазіргі уақытта 400 әуесқой және кәсіби споршы акцияның талаптарын орындауға кірісіп кеткен.