Абақтыда талмай еңбек ететін арулар
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраудағы УГ -157/11 колониясындағы жазасын өтеуші 143 әйелдің 90%-ы жұмыспен қамтылған. Қазір бұл мекемеден 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 5 жеке кәсіпкер жұмыс орындарын ашып отыр.
Солардың бірі – жиһаз өңдеу цехы. Бұл цехта 4 әйел жұмыс істейді. Ескі, өңі кеткен жұмсақ жиһаздарды жаңалап шығарады екен. Цехтың ашылғанына екі жылға жуықтаған. Кәсіпкер Раушан Сабырғалиева жұмысшыларын да өзі үйретіп алған.
"Бізде тапсырыс көп. Мұнда еңбек етіп жатқан сотталған азаматшалардың жұмысына мен ризамын. Жұмсақ жиһаздарды тапсырыс берушілердің үйінен алып кетеміз. Қыздар 3-4 күнде, не әрі кеткенде бір аптада өңдеп шығарады. Одан соң клиенттің мекенжайына кері апарып, тапсырамыз. Айына 5-6 жиһазды өңдейміз. Жұмысшыларымның қызметі халықтың көңілінен шығып жатыр. Олар кез келген ер азаматтың қолынан келмейтін жұмысты атқарып жатыр", - дейді кәсіпкер Раушан Сабырғалиева.
Кәсіпкер Раушан Сабырғалиева колониядан тағы да бірнеше кәсіп көзін ашуды жоспарлап отыр.
Ал "Белый квадрат" ЖШС-інде 10-нан астам әйел жұмыспен қамтылған. Полиграфиямен айналысып, қағаз өнімдерін өңдейді. Картон қағаздардан түрлі куәлікті қиып, желімдейді. Сондай-ақ, қолөнер бұйымдарымен де айналысады.
Сонымен қатар, колонияда 4 жеке кәсіпкер тігін цехын ашқан. 50-ден астам жаза өтеуші осы кәсіпорындарда қызмет атқарады. Цехтарда қызу жұмыс. Арнайы киім-кешектер, төсек орындары, күртешелер тігіліп жатыр. Жұмысшылардың айтуынша, тігін цехында да тапсырыс өте көп.
Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдерінің сөзінше, алдағы уақытта тағы да екі тігін цехы ашылады деп жоспарлануда.
"Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ 157/11 түзету мекемесінде шамамен 143 адам жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 100-ден астам сотталған әйел жұмыспен қамтылған. Олар 35-пен 70 мыңға дейін еңбекақы алады. Жеке кәсіпкерлер осы мекеменің шотына аударады. Сол шот арқылы жұмысшылар өздерінің талап-берешектерін өтейді, мекемедегі дүкеннен керек-жарақтарын алады, ал қалған сомаларын өз туған-туыстарына арыз арқылы аударып жібереді. Бұл жерден кәсіп ашуға ынталы кәсіпкерлер көп. Оларға бос ғимараттар Атырау мемлекеттік жекешелендіру департаменті арқылы жалға беріледі", - дейді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Жангүл Отаралиева.
Абақтыдағы наубайханада – 4, асханада – 7, ішкі шаруашылықта – 16 әйел жұмыс істейді. Сондай-ақ, шаштараз, тігінші, аспазшы, кондитер мамандықтары бойынша жалпы 45 жазасын өтеуші студент колледжде білімін алып жатыр. Олар оқуларын аяқтаған соң дайын маман болып шықпақ.