Абаев «Балалар жылы» жаңа отандық фильм түсіруді тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Мәдениет және спорт министрлігінің алқалы отырысында хабарлады.
Оның айтуынша, еліміздегі кинематография саласын дамыту – өзекті мәселелердің бірі.
Мемлекет басшысы министрлік бұқараның қажеттілігі үшін жұмысымызды қайта бағдарлау қажеттілігін тапсырған еді. Мысалы, 30 жыл ішінде «Қазақфильм» 600-ден астам картинаны жарыққа шығарды. Алайда олардың ішінде небәрі 52 фильм немесе оның 8%-ы ғана прокатқа шыққан. Өтелімділігіне келсек, жағдай мүлдем мүшкіл. Әрине, бұл фестивальдік киномен немесе жас режиссерлермен жұмысты толықтай тоқтату деген сөз емес, - деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, идеологияны мағыналық мәні бар бұқаралық, танымал кино өнімі арқылы алға жылжыту керек.
Азаматтардан балаларға арналған қазақстандық жаңа фильмдердің жоқтығына байланысты шағым көп түседі. Балалар жылы бұл мәселе ерекше өзектілікке ие болып отыр. Мәдениет комитетіне «Қазақфильм» және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен бірігіп бір ай мерзім ішінде сәйкес ұсыныс әзірлеуді тапсырамын, - деді Дәурен Абаев.