АӘК-тің жаңа форматы туралы не білеміз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңында көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекке қатысты өзгерістері бар жаңа заңға қол қойды.

Аталған заң құжат жүзінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жаңа заңға сәйкес бала санына қарай тағйындалатын мемлекеттік жәрдемақы табысы жоғары және төмен көпбалалы отбасыларға бірдей берілетінін айтты.

· Төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге;

· бес балаға – 53 127 теңге;

· алты балаға – 63 757 теңге;

· жеті және одан да көп балаға – 74 388 теңге.

Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы жүйесі қайта қаралды. Енді атаулы әлеуметтік көмек қазіргідей 6 немесе 12 айға емес, тоқсан сайын тағайындалып отырады. 

АӘК қандай жағдайда тоқтатылады?

Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады. Өйткені бұрынғы заңнама бойынша отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыс істеуден бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылмайтын. Тек сол кісіге төленетін бөлігі ғана алынып тасталатын. Министрлік заң жобасын дайындаған кезде бірінші кезекте осы жағын қатаңдатуды көздеген.

Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең басты шарт – отбасының жұмыс істеуге қабілетті мүшесі жұмыс істеуі тиіс және өз отбасы үшін жауапкершілігі бар. Оларға шартты ақшалай көмек түрінде қол ұшы беріліп, ол ауласында қандай да бір жеке шаруашылығымен айналыса бастауы үшін бірнеше ай бірреттік АӘК төленеді. Аз қамтылған отбасылардың жұмыссыз азаматтарына бағытталған жұмыспен қамту бағдарламасы пайдаға асуы тиіс.

Отбасыға мұндай көмек төлене беретін болғандықтан, жұмысынан шығып кететіндер көп. Мысалы, жұмыс істеп 100 мың теңге тапса, әйелі 200 мың теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алады. Сондықтан біз заңды қатаңдатуды жөн көрдік. Себебі отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жауапкершілікті мойнына алып, өз отбасына қиын жағдайдан шығуға көмектесуі керек. Егер біз оған жұмыс ұсынып, ол бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады. Менің ойымша, отбасын ойлайтын саналы адам бұл жұмыстан бас тартпайды. Дегенмен мемлекет тарапынан кепілдендірілген әлеуметтік көмек пакеті сол күйі қалды. Бұдан бөлек, егер тұрмысы төмен отбасы көпбалалы болса, табысына қарамастан ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны да алады.Көпбалалы отбасыларға төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы отбасы табысы ретінде саналады. Мемлекеттік жәрдемақыдан кейін атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаяды, - дейді еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Осыған дейін елімізде 306 мың отбасы немесе 1,6 миллионға тарта адам атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Министр енді болжам бойынша әлеуметтік көмек алатындар саны азаяды, алайда 900 мыңға жуық адам бәрібір де алады деп ойлайтынын айтты.

ҚР заңына сәйкес, баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне арнайы жәрдемақы бар. Оның мөлшері жұмыс істемейтін әйелдерге ай сайын бірінші баладан 14 500 теңгеден бастап төртінші балаға дейін 22 500 теңгеге дейін. Жұмыс істейтін аналар мемлекеттік сақтандыру қорынан жалақысының 40%-ы мөлшерінде, орташа есеппен 33 мың теңге көлемінде баласы 1 жасқа толғанға дейін жәрдемақы алады. Аталмыш заңға табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізілді. Енді атаулы әлеуметтік көмек алам десеңіз – балаңыз үш жастан асқанда жұмыс істеуге міндеттісіз.

Қаңтарда 18 млрд-қа жуық қаржы төленеді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 2020 жылғы қаңтарда 17,7 млрд теңге көзделген.

Зейнетақы мен жәрдемақыларды қаржыландыруды екінші деңгейдегі банктерде біркелкі бөлу үшін ақша қаражатын аудару кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

2020 жылғы 5 қаңтарда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға 12,5 млрд теңге, 5-8 қаңтар аралығында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ кестеге сәйкес ақшаны алушылардың шоттарына аударды. Қалған 5,2 млрд теңге "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға таяу күндері жіберіледі.

Жалпы алғанда, 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 177,6 млрд теңге көзделген. Бұл жәрдемақыны 346,8 мың отбасы алатын болады.

Құжаттарды қайда тапсыру керек?

Атаулы әлеуметтік көмек өтініш берілген айынан бастап, өтініш берілген күніне қарамастан тағайындалады. Мысалы, құжат 20 қаңтарда тапсырылса, төлем толық ай бойы төленеді. Құжаттар Нұр-Сұлтан қаласы бойынша "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығында, "Алматы", "Байқоңыр", "Есіл", "Сарыарқа" аудандарының халыққа қызмет көрсету орталықтарында, ал еліміздің өзге өңірлерінде жергілікті ХҚКО-ларда қабылданатын болады. Хабарласқан азаматқа өтініш, жеке куәлікті ұсыну керек. АӘК-ті тағайындау үшін тұрғылықты жеріңізде тұрақты немесе кемінде 6 ай уақытша тіркелген болуыңыз керек.

Жоспар бойынша 14 мыңға жуық адамды қамту қарастырылып отыр. Сондай-ақ, АӘК алатын аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды кепілді әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Кедейлік шегі 70%-ға дейін өсті

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап кедейлік шегі 50%-дан 70%-ға дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін), сондай-ақ табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді. Сонымен қатар шартсыз ақшалай көмекті тағайындау мерзімі – 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек – 6 айдан 12 айға дейін ұзартылған болатын. 2019 жылдың тоғыз айында атаулы әлеуметтік көмек 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері 2,5 есеге ұлғайтылады, - дейді еңбек және әлеуметтік қорғау министрі.

Жаңа заңда отбасының барлық мүшесі үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықтау; еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту, егер олар жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, АӘК төлеу барлық отбасы үшін тоқтатылады; учаскелік комиссиялардың осы процестегі рөлінің күшеюімен отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайту көзделген.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық заттармен қамтамасыз етіледі, 6 жастан 18 жасқа дейін олар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдары және мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.

Айта кетейік, Қазақстанда 343 мың көпбалалы отбасы бар. Төрт балалы – 61%, бес балалы – 27%, алты балалы – 9%, сондай-ақ жеті және одан көп баласы бар – 3%.

Форматы өзгерген атаулы әлеуметтік көмек

2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы кедейлік шегінің кіріс табысына айырмашылығына ғана төленеді. Биыл орташа кедейлік шек 24 258 теңгені құрайды. АӘК тағайындау кезінде тек жеке бас куәлігі болса жеткілікті. Сөйтіп, базаға бүкіл ақпаратты енгізеді.

Көпбалалы отбасын мысал ретінде келтіріп көрейік. Оның үйінде бес адам болсын. Яғни анасы мен 4 баласы бар. Өткен тоқсанда олардың табысы 300 мың теңгені құрады делік. Енді жан басына шаққандағы орташа табысты есептеу керек. Ол үшін 300 мыңды 3 айға бөлеміз. Әр ай сайын 100 мың теңгеден келеді. Бұл соманы отбасының әр мүшесіне бөлеміз. Біздің мысалда бес адамға есептейміз. Сонда орташа кіріс – 20 мың теңге шығады. Әр адам үшін. Бұл кедейлік шегінен төмен (кедейлік шегі – 24 258 теңге). Аталған отбасы үшін жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық 4 258 теңгені құрап отыр. Бұл отбасыға 20 190 теңге беріледі. Осы жылы атаулы әлеуметтік көмек мөлшері былтыр төленген сомадан төмен болатыны белгілі. 2019 жылы АӘК әр балаға жеке кедейлік шегіне байланысты төленген. Желтоқсан айында 25 398 теңгені құрады. Халық атаулы әлеуметтік көмек азайып қалды деп ойлайтын шығар. Бірақ олай емес. Табысты есептеместен берілетін 10 500 теңге тағы бар. Сонымен қатар, кепілдендірілген әлеуметтік пакетті де ұмытпау керек, - дейді Нұр-Сұлтан қалалық жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Ғарифуллин.

Алты айдан келісімшарты үзіліп қалған Айнұр ашулы

Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық әкімдігіне барғанымызда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсыруға келгендердің арасынан Айнұр есімді келіншекпен сөйлесіп көрген едік. Ол 2019 жылдың мамыр айында бір жылдық келісімшартқа отырғанын, бірақ алты айдан кейін барлығы тоқтап қалғанын айтып, өз ренішін білдірді.

2019 жылдың мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бір жылдық келісімшартқа отырдым. Алты балам бар. Алғашқы алты ай көлемінде 115 мың теңгеден алып тұрдым. Бірақ алты айдан кейін көмек тоқтап қалды. Бәрі бір-біріне жұмсайды. Кімге барып айтарымды білмеймін. Келісімшартым қолымда тұр. Кемі 2020 жылдың мамыр айына дейін төлену керек еді, - деп Айнұр қолындағы келісімшартын көрсетті.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы