АӘК алу қиындай ма? 2027 жылдан бастап не өзгереді?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау және төлеу қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2026 жылғы 3 қарашадағы бұйрығымен тиісті түзетулер енгізді. Жаңа талаптар өтініш беру тәртібін, отбасының табысын есептеуді, әлеуметтік келісімшарт жасауды және төлемді тоқтату негіздерін қамтиды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АӘК кімдерге беріледі?
Жаңа редакцияда атаулы әлеуметтік көмек ұғымы нақтыланған. АӘК – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға немесе отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек.
АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасына шартсыз не шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Көмек тағайындау үшін отбасының құрамы анықталады.
Өтініш беру тәртібі қалай өзгереді?
Ережеге сәйкес, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл және ауылдық округ әкімдері аз қамтылған азаматтарды анықтайды.
Консультациядан кейін азамат немесе отбасы АӘК тағайындау туралы өтінішті қызмет көрсетуші арқылы, порталдан немесе ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы бере алады.
Өтініш беруші жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы керек. Олардың қатарына:
- Қазақстан азаматының жеке куәлігі немесе паспорты;
- Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматының тұруға ықтиярхаты;
- азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
- босқын куәлігі;
- қағаз түріндегі немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі қандас куәлігі жатады.
АӘК алуға үміткер адамдар мен отбасылар, сондай-ақ көмек алу үшін қайта өтініш бергендер дербес деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және беруге келісім береді. Бұл келісім банк құпиясын және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ кредиттік бюродан алынатын несие бойынша берешек сомасы, ай сайынғы төлем, мерзімі өткен немесе қалған қарыз туралы ақпаратты қамтиды.
Жұмысқа қабілетті және отбасымен бірге тұратын, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын мүшелер өтінішке жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу туралы өтінішті де қоса береді.
Ал 16 жасқа толмаған адамның атынан ата-анасының немесе заңды өкілінің еңбек қызметін жүзеге асыруға келісімі туралы еркін нысандағы жазбаша өтініші ұсынылады.
АӘК-ті проактивті форматта тағайындаған жағдайда өтініш беру талап етілмейді. Учаскелік комиссияның отбасының материалдық жағдайын тексеруіне берілген келісімі көмекті проактивті түрде қарауға негіз болады. Мұндай жағдайда өтініш берілген күн болып комиссияның тексеру жүргізуге келісім алған күні есептеледі.
Төтенше жағдайлар кезеңінде уәкілетті мемлекеттік органның автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы АӘК алып жүрген азаматтардың төлемі тоқсанның соңғы күнінде өтінішсіз келесі тоқсанға автоматты түрде ұзартылады.
Өтініште қате болса, не болады?
Егер цифрлық жүйелерде азаматқа АӘК тағайындалғаны, төленгені немесе оны тағайындау туралы өтініш берілгені жөнінде мәлімет болса, әкім немесе Мансап орталығы өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхатты дереу береді.
Ал өтініште немесе мемлекеттік қызмет көрсетуге қажетті мәліметтерде қате не дәлсіздік анықталса, құжаттар цифрлық күту парағы арқылы қабылданады, бірақ мемлекеттік қызмет көрсету уақытша тоқтатылады. Ұсынылған құжаттар өтініш берушіге қайтарылады.
Кемшіліктерді түзетуге бес жұмыс күні беріледі. Егер өтініш беруші осы мерзімде қателерді жойса, өтініш пен құжаттар қабылданған күн ретінде алғашқы жүгінген күні есептеледі.
Отбасының табысы қалай есептеледі?
Мансап орталығы мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынған мәліметтерді, қағаз түріндегі құжаттарды, өтініш беруші ұсынған материалдарды, әкім жолдаған құжаттар мен учаскелік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде:
- көрсетілетін көмектің түрін – шартсыз немесе шартты ақшалай көмекті анықтайды;
- АӘК тағайындау үшін өтініш берілген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасының жиынтық табысын есептейді;
- АӘК тағайындау, төлем мөлшерін өзгерту, тоқтата тұру немесе тоқтату, сондай-ақ көмек тағайындаудан бас тарту туралы шешімнің электрондық жобасын әзірлейді;
- шешімнің электрондық жобасын өтініштерді тіркеу журналына енгізеді;
- электрондық макеттік істі және құжаттар топтамасын уәкілетті органға жолдайды.
АӘК мөлшері отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыс пен астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма негізінде есептеледі.
Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға АӘК тағайындалған кезеңде әр балаға ай сайын қосымша 1,5 АЕК мөлшерінде төлем беріледі.
Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдар өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, үй жануарларын, құстарды және жер учаскесін табыс әкелмейтін мүлік ретінде айқындай алады.
Шартты ақшалай көмек алатындарға қандай талап қойылады?
Егер отбасыға шартты ақшалай көмек тағайындалса, Мансап орталығы бір жұмыс күні ішінде жұмыс істемейтін, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің санын анықтайды. Олар жұмыс іздеп жүрген адамдар ретінде тіркеледі.
Одан кейін тиісті мәліметтер мен құжаттар біржолғы шартты ақшалай көмекті келісу үшін, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары мен әлеуметтік бейімдеу шараларын тағайындау мәселелерін қарау үшін аудандық (қалалық) немесе өңірлік жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі комиссияға жіберіледі.
Комиссия шешімдері учаскелік комиссияның қорытындысы алынғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде хаттамамен рәсімделеді. Қабылданған шешімдер екі жұмыс күні ішінде өңірлік Мансап орталығына жолданады.
Учаскелік комиссияның қорытындысы, әкім ұсынған құжаттар және қажет болған жағдайда аудандық немесе өңірлік комиссияның ұсынымдары алынғаннан кейін Мансап орталығы үш жұмыс күні ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шараларын қамтитын жеке жоспар әзірлейді. Сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Шартты ақшалай көмек алушылармен әлеуметтік келісімшарт көмек тағайындалған мерзімге жасалады. Онда тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу шараларын орындау жөніндегі міндеттемелері, сондай-ақ олар орындалмаған жағдайда қолданылатын шаралар көрсетіледі.
Егер аз қамтылған адам немесе отбасы әлеуметтік келісімшарт талаптарын және жеке жоспардағы іс-шараларды толық орындамаса, оның ішінде жұмыспен қамту шараларына қатысу және жұмысқа орналасу жөніндегі міндеттемелерін орындамаса, келісімшарт бұзылады.
Сондай-ақ шартты ақшалай көмекті заңсыз тағайындауға және төлеуге әкеп соққан жалған мәліметтер немесе дәйексіз құжаттар ұсынылған жағдайда да әлеуметтік келісімшарт тоқтатылады. Бұл шартты ақшалай көмекті төлеуді тоқтатуға негіз болады.
Әлеуметтік келісімшарт жасалғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде Мансап орталығы уәкілетті органға электрондық шешім жобасын, электрондық макеттік істі, комиссия ұсынымдарын және тараптар қол қойған әлеуметтік келісімшартты жолдайды.
Сонымен қатар өтініш берушіге мемлекеттік қызметті көрсету немесе одан бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ өз ұстанымын білдіру үшін тыңдаудың уақыты мен орны жөнінде хабарлама жіберіледі.
Өтініш беруші алдын ала шешімге келіспеген жағдайда, оған қарсылық білдіруге хабарлама жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні беріледі.
АӘК қандай тәртіппен төленеді?
Атаулы әлеуметтік көмекті уәкілетті орган тиісті бюджетте осы мақсатқа көзделген қаражат шегінде тағайындайды.
Шартты ақшалай көмек:
- жалғызбасты және жеке тұратын, аз қамтылған, еңбекке қабілетті адамдарға;
- құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Бұл санатқа өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын азаматтар да кіреді. Алайда олар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуы немесе қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларынан өтуі тиіс.
Шартты ақшалай көмек өтініш берілген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалып, ай сайын төленеді.
АӘК төлемі қандай жағдайда тоқтатылады?
Жаңа қағидаларда атаулы әлеуметтік көмекті төлеуді тоқтатудың негіздері де нақтыланған. Атап айтқанда:
- өтініш беруші қайтыс болған жағдайда;
- басқа республикалық немесе облыстық маңызы бар қалаға, басқа ауданға немесе Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға көшкен жағдайда;
- әлеуметтік келісімшарт талаптары мен жеке жоспардағы іс-шаралар, соның ішінде жұмыспен қамту және жұмысқа орналасу жөніндегі міндеттемелер толық орындалмағандықтан келісімшарт бұзылған жағдайда;
- АӘК-ті заңсыз тағайындауға және төлеуге әкеп соққан жалған мәліметтер немесе дәйексіз құжаттар ұсынылған жағдайда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тиісті бұйрығы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.