ААФ Нижат Рахимовтың мәселесіне қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылғы 22 наурызда спорт төрелік сотының (CAS) допингке қарсы департаменті 2021 жылғы тамызда өткен тыңдау қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы Нижат Рахимовтың допинг мәселесіне қатысты ісі  туралы шешім шығарды.

Осы шешіммен ауыр атлет Нижат Рахимов тыйым салынған әдісті қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, 2021 жылғы 18 қаңтардан бастап сегіз жылға шеттетілді, 2016 жылғы 15 наурыздан бастап спорттық нәтижелердің күші жойылды (алғашқы "даулы" сынаманы алу күнінен бастап).

Әрине, мұндай шешім біз үшін күтпеген жағдай болды, өйткені тыңдау барысында Н. Рахимовтың адвокаттарының дәлелдері сенімді болды және тыңдау сәтінен бастап, бұл алты айдан астам уақыт, спортшының атына да, федерацияға да қосымша сұраулар мен түсініктемелер түскен жоқ, - деді ААФ бас хатшысы Алдияр Нұралинов.

Айта кету керек, бұл үкім бірінші инстанцияның шешімі болып табылады, тыңдау бір төрешінің қатысуымен CAS допингке қарсы департаменті деңгейінде өтті.

ҚР ААФ допингтің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады, алайда бұл жағдайда халықаралық федерация мен сол кезде допинг бақылауды жүзеге асырған органдарға да қатысты бірқатар сұрақ бар.

Федерация CAS допингке қарсы департаментінің шешімін аппеляциялауға және біздің спортшымызды қолдауға одан әрі көмек көрсетуге дайын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы